Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірде қаңтардың 21-інен бастап карантин шаралары қатаңдатылады

Өңірде өткен жылдың желтоқсан айында жеңілдетілген карантин қағидалары  бір ай өтер-өтпестен қайта қатаңдатылмақ. Бұған аймақтағы эпидахуалдың күрт ушығуы себеп болып отыр. Бүгін Солтүстік Қазақстан облысы қайтадан “қызыл аймаққа” енді. Осыған қатысты өңірдің бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы жарияланды.

Әсет Жұматаев – СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Бүгінде өңірде 9633 адам короновирус жұқтырды. Оның ішінде симптомды белгілері бар 5887 адам тіркелді. Көктемнен бері тәжді вирустан 41 жерлесіміз көз жұмған. Ал соңғы 24 сағатта аймақта 71 жайт анықталған. Оның 50-інде ауру белгілері анық байқалады.

Егер алдыңғы апта мен өткен жұманы салыстыратын болсақ, 36,5 пайыздық өсім байқалады. Осыдан СҚО-да коронавирустың қайта бас көтергенін аңғарамыз. Динамиканың өзгеруіне байланысты бүгін өңір “қызыл аймаққа” енді. Сол себепті, аймағымызда қаңтардың 21-інен бастап шектеу шаралары қатаңдатылмақ.

Әсет Жұматаев – СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Сауда-ойын-сауық орталықтарының, азық-түлік емес 500 шаршы метрден асатын, жабық базарлар, жабық құрылыс тауарлар дүкендері, фитнес-тренажер залдары, бассейндер, спорт обьектілері, сауналардың жұмысы сенбі-жекесенбі күндері тоқтатылады.

Бірақ, дәріханалар, сауда орталықтарының ішінде орналасқан шаштараздар мен азық-түлік дүкендері демалыс күндері жұмысын жалғастырады. Ал тамақтану орындарының уақыты жұмыс күндері таңғы 9-дан кешкі 8-ге дейін қысқартылады. Сенбі мен жексенбіде тек тапсырыс қабылдау бойынша ғана қызмет көрсетеді. Ұжымдық, отбасылық және ойын-сауық іс-шараларына қатаң тыйым салынған. Сенбі-жексенбі күндері қоғамдық көлік жүрмейді.

Әсет Жұматаев – СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор органдары, ұлттық компаниялар, басқа ұйымдар, сондай-ақ, кәсіпкерлік субъектілері ҚР БМСД № 67, 68 қаулыларының талаптарын сақтай отырып жұмыс істеуі қажет. Сонымен бірге, қызметкерлердің кемінде 80% қашықтықтан жұмыс істейді, штаттық кестесі 15 адамнан кем болса, қызметкерлердің кем дегенде 50% қашықтықтан жұмыс істеуі тиіс. ҚР БМСД № 68, 3-қосымшасына сәйкес алгоритмді сақтай отырып, жиналыстарды қашықтағы форматта өткізу қажет.

Жаңа қаулы қаңтардың 21-і күні сағат 00:00-ден бастан өз күшіне енеді. Естеріңізге сала кетейік, өңірде ақпан айынан бастап вирусқа қарсы вакцина егу бастау алады.

Маржан Қасымбек