Білім

Дуалды оқытудың артықшылықтары

Басымдықты теориядан гөрі практикаға беру. Өңірімізде дуалды оқыту жүйесі дамып келеді. Қазіргі күні жергілікті 22 колледж аталған жобаны негізге алып отыр. Оның аясында студенттер алған білімдерін шыңдау үшін кәсіпорындарда еңбектенеді. Бұл білікті маман болып қалыптасуларына серпін береді дейді педагогтар.

Солтүстік Қазақстан кәсіби даярлау және сервис колледжі – дуалды оқытудың жол картасына енген оқу орындарының бірі. Мұнда Петропавл қаласы мен өңірдің жалпы білім беретін және түзету мектептерінің түлектерінен білікті кадрлар даярланады. Студенттер көбінесе қоғамға қажетті қызмет көрсету салаларына оқытылады. Ол тігіншілік, шаштараз, аяқ киім жөндеу секілді мамандық түрлері. Мәселен, Николай есімді жігіт омарташылықты үйреніп жатыр. Аталған кәсіптің қыр-сырын жақсы меңгерген соң жеке ісін ашқысы келеді екен.

Николай Дорошенко, Солтүстік Қазақстан кәсіби даярлау және сервис колледжінің студенті:

– Мен жаздағы оқу тәжірибесі кезінде Мамлют ауданындағы кәсіпкерліктердің бірінде жұмыс істедім. Сол жердегі омарташылар аралармен жұмыс жасау, бал жинаудың қыр-сырын үйретті. Алқаптарда жүрдік. Сол жерде 2 айдай болдым. Биыл қолыма дипломды алған соң кәсіп ашуды жоспарлап отырмын.

Колледж басшылығы қаладағы түрлі кәсіпорындармен келісім шарт жасасқан. Мұнда білім алып жатқан студенттер сонда оқу тәжірибесінен өтіп, өздерінің кәсіби дағдыларын шыңдайды. Сондай-ақ, сол жерге жұмысқа орналасуларына мүмкіндіктері бар.
Оқытушылардың айтуынша былтыр білім ошағын тәмамдаған түлектердің 95 пайызы осындай жүйе арқылы екі қолға бір күрек тапқан.

Галина Рейбандт, Солтүстік Қазақстан кәсіби даярлау және сервис колледжі директорының орынбасары:

– Биыл ашылған жаңа мамандықтардың аясында біз өңірдегі орман шаруашылығы, орман тәлімбақтары мен қаладағы ботаникалық бақпен келісім шартқа отырдық. Пандемияға байланысты студенттер бүгін кәсіби оқу тәжірибелерінің бір бөлігін ғана сол жерде өтіп жатыр. Жалпы, 2018 жылдан бері біздегі мамандықтардың барлығы дуалды оқытуға көшірілді.

Сондай-ақ, колледжде өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауымен студенттер жеке іс ашу мен бизнес жүргізудің қыр-сырын меңгереді. Бұл жастар үшін өте үлкен демеу дейді оқытушылар. Себебі, олар арнайы курстан өткені жайлы сертификат алған соң алдағы уақытта түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, грант ұтып ала алады. Осылайша өз кәсібін ашады. Айта кетейік, қазіргі күні өңіріміздегі 25 колледждің 22-сі дуалды оқыту жүйесі аясында жұмыс істейді, ал студенттер сабақтың 60 пайызын өндіріс орындарында өткізеді. Бұл – болашақ мамандардың кәсіби дағдыларын дамытудың бірден-бір жолы.

Бердимурат Баймухан