Қоғам

Ботаникалық бақтағы өсімдіктерді алматылық мамандар зерттеуде

Алматыдағы Ботаника және фитоинтродукция институының қызметкерлері жұмыс сапарымен Петропавлға келді. Олар облыс орталығындағы 1 ғасырдан астам тарихы бар ботаникалық бақтағы тропикалық, субтропикалық және ашық жерлерде өсетін жасыл желекке ғылыми зерттеу жасамақ. Мақсаттары – өсімдіктердің сирек түрлерін сақтап қалу.

 

Ел аумағындағы ботаникалық бақтарда өсімдіктің 6 мыңға тарта түрі өседі. Оның 500-ден астамы қызыл кітапқа енген. Ал оларды Алматыдағы Ботаника және фитоинтродукция институының қызметкерлері ұзақ жылдан бері зерттеп келеді. Бүгін мамандар Петропавлға ат басын бұрды. Оңтүстікастаналық қонақтар мұнда бірнеше ай болып, сирек және жойылып кету қаупі төніп тұрған өсімдік түрлерін сақтау, қорғау және өсіру бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізбек.

Эльмира СӘМЕТОВА – ҚР БҒМ Ғылым комитеті ботаника және фтоинтродукция институтының ғылыми хатшысы, биология ғылымдарының кандидаты:


– Іс-сапармен Петропавлға алғаш келіп отырмыз. Жалпы, облыс орталығындағы ботаникалық бақтың тарихы тереңде жатыр. Тропикалық өсімдіктерді күтіп-баптау өте қиын. Себебі, оған әрдайым жылу, ылғал және жарық керек. Сондай-ақ, біз ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында «Қызылжар оранжереясындағы» коллекциялық өсімдіктер қорын зерттеп, баға беріп, қорытынды шығаратын боламыз.

Қысы-жазы құлпырып тұратын ботаникалық бақтың негізі 1912 жылы қаланған. Ол – еліміздегі ең алғаш ашылған оранжереялардың бірі. Бүгінгі күні мұнда тропикалық ағаштар, пальма, лимон, агава, орхидея сияқты өсімдіктердің 2 мыңға тарта түрі бар өседі.

Артур РЯЗАПОВ – Ботаникалық бақтың жетекшісі:

– Алматыдан келген комиссия мүшелеріне ботаникалық бақтағы өсімдіктерді сақтау бойынша үлкен сенім артып отырмыз. Себебі, бізде өсетін коллекциялық өсімдіктер қоры өте ерекше, бірегей болып келеді. Қазір мұнда дендролог мамандар жұмыс істеп жатыр. Қыста жасыл желектің кейбір түрін зерттеу мүмкін емес. Сондықтан, жұмыстар көктем және жаз мезгілдерінде де жүргізілетін болады.

Сирек кездесетін жасыл желектердің жыл бойы жайқалып өсуі үшін бірқалыпты температура қажет. Ал оны белгілі бір көрсеткіште ұстап тұру әзірше мүмкін болмай отыр. Бірқатар мәселелерді шешу қажет.

Маржан Қасымбек