Құқық қорғау органдары

Тәртіп сақшыларына сес көрсеткендер құрықталды

Құқық қорғаушыларды қорлау, соқының астына алу! Мұндай факті Петропавлда тіркелді.

Мына видео кеше желіде кеңінен таралған болатын. Оқиға Горький көшесінде орналасқан жатақханада орын алыпты. Ішімдікке сылқия тойып алған екі ер адам тұрғындардың тыныштығын бұзады. Артынша, шақыртылған тәртіп сақшыларына да сес көрсетеді. Кадрда қос бұзақының шенділерден шегінбей, мамандарды шыны сынықтарымен қорқытқаны, денелеріне зақым келтіргендері анық көрінеді. Дегенмен, екеуі де құрықталды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

Нұрбек Баекин – СҚО ПД баспасөз қызметінің инспекторы:

–  Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барды. Бұзақының екеуі де ұсталды. Қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамадық. 380-бап бойынша билік өкіліне күш қолдану, сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Бұрын соталған екінші бұзақыға қатысты тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Алдияр Айтпаев