Құтқарушылар түсіндіру жұмыстарын жүргізуде

ТЖД

20:56 18 Қаңтар 2021

СҚО-да жыл басынан бері 43 өрт оқиғасы орын алған. Салдарынан 7 адам көз жұмған. Бұл фактілердің тең жартысы жеке тұрғын үй секторында тіркелген екен. Қазір құтқарушы мамандар Петропавлдағы жер үйлерді аралап, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүр.

Рейд басталмас бұрын құтқарушылар мен полицейлер сапқа тұрып, топқа бөлінді. Қатарда еріктілер де бар. Кейін, іс-шара қатысушылары қаланың түкпір-түкпіріне тарады. Мақсат – тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру. Мына топ алғашқы мекен жайға келді. Мамандар үйдегі пештің жағдайын тексерді. Олқылық жоқ емес, бар. Пештің алдында қоқыс шашылып жатса, үстінде аяқ киім кептіріліп тұр. “Бұдан от шығуы мүмкін”,- дейді Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері.

Бұл үйде көпбалалы отбасы тұрады. Ирина Александрова жолдасы екеуі 6 бала тәрбиелеп отыр. Мамандар шаңырақтың отанасына өрт қауіпсіздігі ережелерін еске салды, жадынама қағаз таратты. Және пешті жаққан кезде абай болу қажеттігін айтты.

Ирина Александрова – қала тұрғыны:

– Біз пешті күнде жағамыз. Жаққан кезде оның қасына ештеңе қоймаймыз, өрт қауіпсіздігін қатаң ұстанамыз. Балаларға да пешке жақындауға рұқсат бермеймін. Сіріңкелерді алыс жерде сақтаймын. Құтқарушылар маған бірінші рет келіп тұрған жоқ. Бұған дейін де осында болып, тиісті ережелерді ескертті. Айтқан ақыл-кеңестерін ұстанамыз.

Кейін мамандар Береке ықшам ауданына бет алды. Мұнда да көпбалалы отбасымен жүздесіп, қарапайым қауіпсіздік ережелерін баян етті. Мамандардың жеке секторды аралауы бекерден-бекер емес. Көбінесе тілсіз жау жер үйлерде бас көтереді. Мәселен, биыл облыс аумағында 43 өрт оқиғасы тірселсе, соны тең жартысы жер үйлерде болыпты. Өкінішке қарай, 7 адам қаза тапты, 4 кісі жарақат алды.

Орал Әбдірахманов – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Жалпы, өрт жағдайлары электр сымдарын монтаждау және жылыту пештерін қолдану кезінде қауіпсіздік ережелерін ұстанбаудан туындап жатады. Тағы тұрғындардың отқа немқұрайлы қарауынан да өрт жағдайлары орын алады. Басты назар – әлеуметтік осал топтағы тұрғындардың үйлері. Атап кетсек, көпбалалы және жағдайы нашар отбасылар.

Айта кеткен жөн, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мұндай түсіндіру жұмыстарын әр апта сайын өткізіп тұрады.

 

Бисенова Жанна

 

 

Бұдан әрі оқыңыз

Егістіктегі өрттің алдын алу
Жыл басынан Есіл ауданында 17 өрт оқиғасы орын алды
СҚО-да 90 жастағы қария иіс тиюден көз жұмды
Петропавлдағы көпқабатты үйлердің 90 пайызы қысқы маусымға дайын
Құтқарушылар аңшылық дүкендерде рейд өткізуде
Құтқарушылар өрттің алдын алу мақсатында рейд өткізді
Өңірде “Жер-2021” командалық-штабтық оқу-жаттығу жиындары өтуде
СҚО-да 39 жастағы нәзікжанды иіс тиіп қаза тапты
Биыл өңірде 477 өрт оқиғасы болған
Жыл басынан бері өңірде 500-ге жуық өрт тіркелді
Петропавлда өрт сөндіру-құтқару спортынан облыстық жарыс өтіп жатыр