Қоғам

Православтықтар Крещение Господне мерекесін атап өтеді

Ертең православтықтар көне әрі басты діни мейрамдарының бірі – Крещение Господне мерекесін атап өтеді. Осыған орай өңір бойынша шомылуға рұқсат етілген 16 орын әзірленген. Оның 2-уі Есіл өзенінің бойында Петропавл тұсында орналасқан.

Есіл өзенің бойында 3 ойық әзірленген. Оның барлығы суда шомылуға арналған. Мұндағы мұздың қалыңдығы 18-30 см-ді құрайды. Бұл ретте ойық маңында бір мезетте 20-дан астам адамның тұруына тыйым салынады. Сондай-ақ, қатарынан 3 адамның шомылуына рұқсат етілмейді.

Мұрат Қанғожинов – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Карантиндік қағидаларды ескере отыра, шомылуға рұқсат етілген аумақтарға арнайы қоршаулар орнатылады. Тұрғындар арасында 2 метр арақашықтықтың болуын қатаң бақылауға аламыз әрі адамдарды кезекпен бір-бірден өткізіп отырамыз.

Өзен үстіне жиналған жұрттың жағдайын 40-қа жуық дәрігер, 90-ға жуық құтқарушы мен 100-ге жақын тәртіп сақшысы қадағалайды. Мамандар кезекшілікті бүгін түнгі 22:00-ден бастап жүргізбек. Одан бөлек, судан шыққан жандардың жылынып, шәй ішуіне мынадай үлкен шатыр қарастырылған. Синоптиктердің болжамы бойынша, бұл күні сынап бағанасы түнде -25, күндіз -12-15 градус шамасында болмақ.

Сергей Черкасов – СҚО ТЖД құтқару бөлімшесінің жетекшісі:

– Күн аязды болатындықтан тұрғындарға жылы киініп келу қажетігін айтып жатырмыз. Мұз үстінде құлап, жарақат алу қаупі де бар. Сол себепті, су алу үшін әйнектен жасалған емес, пластик құтымен келгендері жөн.

Жалпы, облыс бойынша бұл күні қасиетті суға шомылу шарасы 16 жерде ұйымдастырылмақ.

 

 

 

Бисенова Жанна