Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық көпбейінді ауруханаға цифрлық ангиограф орнатылды

Сапалы картина, қауіпсіз қызмет, тәуліктік жұмыс! Облыстық көпбейінді ауруханаға цифрлық ангиограф орнатылды. Соңғы үлгідегі қондырғының көмегімен  инфаркт, инсульт алған жандарға операция жасалады. Мұндай заманауи аппарат ел бойынша, әзірге, Петропавлда ғана бар. АҚШ-та жасалған ангеографтың қызметімен бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов танысты.

Иненің ұшындай ғана тамырларды зерттеу, ота жасау. Бұл – адам өміріне араша түсетін дәрігердің міндеті. Мұндай күрделі операция кезінде ақ халатты абзал жанның алдында сапалы көрініс болу қажет. Сонда маман қателік жібермей, төсекке танылған науқасқа екінші өмір сыйлайды. Облыстық ауруханаға жеткізіліген цифрлы ангиографтың басты артықшылығы да – осы. Ол бейнені айдан анық қып көрсетеді. Осыдан жергілікті дәрігерлерге қиын оталарды жасау жеңілдей түскенін ұғынамыз.

Сергей Руцкий – облыстық көпбейінді аурухананың рентген-хирургі:

– Заманауи аппарат тәуліктік жұмысқа негізделген. Яғни, оны 24 сағат бойы қолдануға, күрделі операция жасауға болады. Ол өзін-өзі салқындататын қасиетке ие. Тағы, қондырғыда шашылатын сәулені автоматты түрде бақылайтын жүйе бар. Бұл жаңашылдық жайлы ауыз толтырып айтуға болады.

Заман игілігі бұрынғы нұсқаларға қарағанда ағзаға зиян сәулені аз шашады әрі мүмкіндігі зор. Мәселен, оны онкологиялық, жүрек қан тамырлары ауруларының алдын алу кезінде қолдануға болады. Тағы, дәрігерлер қондырғының көмегімен мидағы тромбқа әсер етіп, инфаркт, инсульт алған жандарға ота жасай алады. Әзірге, операциялық үстелде фантом құрылғысы жатыр. Ол – адамның тамырына ұқсайтын дүние. Картина көз алдарыңызда. Барлығы 3D форматта көрсетілген.

Сергей Руцкий – облыстық көпбейінді аурухананың рентген-хирургі:

– Осы орайда қондырғының тағы бір артықшылығына тоқталайын. Операция кезінде зақымданған аумақты 3 өлшемді режимде көріп, ота жасай аласың. Зона анық көрінеді. Бұрын біздерде мұндай мүмкіндік болмады.

Қазіргі таңда мұндай ангиограф АҚШ пен Петропавлда ғана бар көрінеді. Яғни, алыс-жақын шет елдердің, ірі қалалардың бірде-бірінде жоқ. Ол Америкада шығарылып, Францияда жиналыпты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Енді біздің облыста 3 ангиограф жұмыс істейтін болады. 4-сі салынып жатқан ауруханаға қойылмақ. 4 ангиограф нормаға сай екенімізді, тіпті, қондырғылар өлкемізге артық көлемде жеткілікті екенін білдіреді. Өйткені, 150 мың адамға 1 ангиографтан керек екен.

Былтыр осыған ұқсақ ангиограф кордиологиялық орталыққа қойылды. Ол жерде бүгінгі күнге дейін 1200-ден астам ота жасалыпты. Мұны жаңашылдықпен танысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов баяндады. Әңгіме барысында аймақ басшысы өткен жылы өңіріміздің емдеу мекемелеріне құрал-жабдық алуға 12 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгенін де мәлім етті. Ақша ел қазынасынан бағытталыпты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Сондықтан, саладағы көрсеткіштер де жақсарып жатыр. Мысалы, 2019 жылмен салыстырғанда онкологиядан өлім 13 пайызға азайды. Инфаркттен – 10, туберкулез ауруынан көз жұмсандардың саны 36 процентке азайды. Бұл жаңа қондырғылардың нәтижесі деп айтуға болады.

Биылғы жоспар да ауқымды. 2021-де аса қажетті заттар, цифрлық маммограф пен 2 компьютерлік томограф сатып алынбақ. Соңғы аталған қондырғылар ауданаралық ауруханаларға қойылады. Аудандарда амбулаториялар да бой көтереді. Ауылды жердегі медициналық база МРТ аппаратымен толығады.

 

Култанов Байболат