Қоғам

Мұздай суға түскенді жаны сүйетін жандар

Мұздай суға түскенді жаны сүйетін жандар. Жергілікті  морждар клубына 150-ден астам адам мүшелік етеді. Олар аптасына бір рет Есіл өзеніне түсіп тұрады. Айтуларынша, денсаулық нығаяды.

Мына жандар әр апта сайын қалалық жағажайда бас қосады. Оларға аяз да, боран да кедергі емес. Мысалы, қазір даладағы ауа температурасы минус 7 градусты көрсетіп тұр. Ал Есіл өзеніндегі көрсеткіш минус 2-2,5-ды құрайды. Мұндай су қан айналымын жақсартады, имунитетті нығайтады. Бір сөзбен айтсақ, денсаулыққа аса пайдалы.

Көптің арасында Анастасия Михалищева да жүр. Нәзікжанды 1 жылдан бері салқын суға түседі екен. Былтырғы қыста қаламыздағы морждар клубының мүшесі атаныпты. Азаматшаның айтуынша, әр күмп еткеннен кейін адамның бойы энергиямен толығады, көңіл күйі көтеріледі.

Анастасия Михалищева – морждар клубының мүшесі:

– Бірінші рет салқын суға түскен күнім әлі есімде. Суықтан дірілдеп, өз-өзімді ұстай алмай қалдым. Шындықты айтайын, бұл ісіме өте өкіндім. Бірақ, біраз уақыт өткесін суыққа, мұздай суға үйреніп кеттім. Қазір үстім су болса да далада емін-еркін тұра аламын.

Мұздай судан шыққан әр адамға ыстық бауырсақ пен шай ұсынылады. “Ас – адамның арқауы” демекші бір үзім ас атасы мен бір жұтым сусын бойды жылытады, жақсы көңіл-күй сыйлайды,

Данара Әлғожина – морждар клубының мүшесі:

– Жайлы атмосфераны қалыптастыру үшін жан-жақты дайындаламыз. Мысалы, суға түсуге арналған керек-жарақтан бөлек, осы жерге ыстық шай, иісі мұрын жарар бауырсақ әкелеміз. Осылайша табиғат аясында бір сергіп қаламыз.

Петропавлдағы морждар клубы өкілдерінің сөзінше, аяқ-қолы сау әр адам аптасына кем дегенде бір рет салқын суға түсуі қажет. Ал денсаулығында кінәраты бар жандарға түсуге болмайды. Мұздай су кері әсер етуі мүмкін.

Ерік Мағамбетов – морждар клубының ұйымдастырушысы:

– Егер адам созылмалы аурумен ауырса, салқын суға түспегені жөн. Тағы, тыныс алу да жақсы болуы қажет. Өйткені, суық ауа райында тыныс алу маңызды рөл атқарады. Ал шағымыңыз болмаса, кез келген жан тиісті ережелерді сақтай отыра суға түсе алады. Бастысы, қорықпау қажет.

Бүгінде қаладағы морждар клубына 150-ден астам адам мүшелік етеді. Жас айырмашылықтары әр түрлі. Ең кішісі 5 жаста.

Алдияр Айтпаев