Денсаулық сақтау

Өңірде дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыру қоры жұмыс істейді

Өңірде коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмектің бағасын реттейін тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Өткен жылдың қарашасында құрылған ұйым қалада – 6, аудандар бойынша 5 дәріханамен келісім шарт жасасқан. Қазір бұл нысандарда арнайы тізімге енген 20-дан астам препарат 20 пайызға дейін арзандатылып сатылуда.

Бұл – Тоқсан би 37 мекен-жайында орналасқан дәріхана. Мұнда кассаға жақындай бергенде қызғылт сары түсті парақ бірден көзге түседі. Ондағы тізімнен құны төмендетілген вирусқа қарсы, антибактериалды және дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмектерді кездестіруге болады. Егер басқа дәріханаларда парацетамолдың құны 100 теңгеден асып жатса, мұнда аталған дәрі небәрі 65 теңге тұрады. Неге бұл жерде арзан десеңіздер? Жауап бір. Себебі, дәл осы дәріхана қараша айында бағаны тұрақтандыру қорымен келісім шартқа отырып, дәрі-дәрмекті қазір 10-20 пайызға арзандатып сатуда.

Алма Закирьянова – фармацевт:

 – Біздің дәріхана 2020 жылдың соңында бағаны тұрақтандыру қорымен бірлесіп жұмыс істеуге көшті. Сондан бері келушілердің саны артып, ризашылықтарын білдіретін сатыпа алушылар көбейді. Себебі, басқа дәріханаларға қарағанда бізде дәрі-дәрмек құны біршама арзан. Бұл тұрғындар үшін өте тиімді. Әсіресе, қазіргі жағдайда.

Парацетамол, цитрамон, тайлол, ситабел. Бұл дәрі-дәрмекке деген сұраныс аса жоғары. Естеріңізде болар, пандемияның бірінші толқынында дәріханалардың сөрелерінен дәл осы қарапайым препараттарды табу қиынның қиыны болды. Тапқанның өзінде бағасы күйіп тұрды. Сондықтан, шілде айында Денсаулық сақтау министрлігі облыс әкімдігімен бірлесіп, дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыру қорын құруды шешкен болатын. Ал жобаға жауапты болып «NordFarmMarket» серіктестігі тағайындалды.

Мұрат Жәкенов – «NordFarmMarket» ЖШС директоры:

– Басты мақсат – өңірдегі дәрі-дәрмек тапшылығын жойып, бағаны тұрақтандыру. Сондықтан, осындай қор құрылып, вирусты емдеуге арналған препараттар тізімі жасалды. Тізімге медикаменттердің 28 аталымы енді. Оның ішінде ересектер мен балаларға қажетті дәрі-дәрмектің барлығы қарастырылған.

Бүгінде жергілікті дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыру қоры 28 аталымның 21-ін сатып алған. Ал қалған 7-уі әлі іздестірлуде. Препаттардың 70 пайызы Ресейден жеткізіледі, ал қалған 30-ы – отандық өнімдер.

Мұрат Жәкенов – «NordFarmMarket» ЖШС директоры:

– Дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыру қорымен Петропавлда небәрі 6 дәріхана жұмыс істейді. Әзірге, осылай. Алдағы уақытта өзге де дәріханалар бізбен әріптестік орнатады деген сенемін. Ауылдық жерлерде де дәрі-дәрмектің құнын төмендету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта біз, әзірге, 5 ауданмен келісім шарт жасастық.

Петропавлда бағаны тұрақтандыру қорымен санаулы ғана дәріхана әріптестік орнатқандықтан болар, көптеген жерлестеріміз дәріні арзанға сататын дәріханалардың барын білмейді екен.

–  Дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыру қоры туралы естімеппін. Өз басым үйдің жанындағы дәріханаға барамын.


– Кейбір дәріханаларда белгілі бір дәрілер арзан деп естідім. Алайда, өз басым ондай дәріхананы кездестірмеппін.

Осы ретте тиісті дәрілерді қолжетімді бағамен саудалайтын дәріханалардың мекен-жайларын ұсынып отырмыз. Жалпы, бүгінде жергілікті дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыру қорының қоймасында 19 тоннадан астам дәрі-дәрмек сақтаулы.

 

 

 

 

 

Ешкенова Дана