Білім

Өңір мектептерінің асханалары қайта ашылды

Өңір мектептерінің асханалары  ұзақ үзілістен кейін қайта ашылды. Бүгін облыс бойынша осындай 400-ден астам тамақтану орнының жұмысы жанданды. Соның 36-сы – қалалық мектептер.
Мектеп асханасында санитарлық талаптар қатаң түрде сақталады.

Қалалық №9 орта мектебінде жалпы 1400-ге жуық оқушы білім алады. Қазір ұл-қыздардың дені – штаттық режимде, ал қалғаны қашықтықтан оқып жатыр. Білім ошағына келіп оқитындар үшін қауіпсіздік шаралары басты назарда.

Гүлден Аленова – №9 орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

– Мектепте COVID-19-дың таралуын болдырмау үшін барлық қауіпсіздік шаралары мен санитарлық талаптар қатаң сақталуда. Оқушылар мен мұғалімдердің дене температуралары өлшеніп, міндетті түрде маска тағады. Және қолды өңдеуге арналған санитайзерлер орнатылды.

Бүгіннен бастап №9 орта мектебінің ұл-қыздары үшін асхана есігі айқара ашық. Дегенмен, санитарлық талаптар да ұмыт қалмады. Балалар тамақтанбас бұрын алдымен қолдарын жуып, медициналық сұйықтықпен өңдейді.

Бастауыш сыныпта оқитындардың бүгінгі ас мәзірінде сүт ботқасы, нан, лимон қосылған шәй. Және талғамдарына қарай табиғи шырындар да бар. Кезек тудырмау үшін асхана қызметкерлері олардың тамақтарын алдын ала үстелге қойып, бір орынға төртеуден отырғызады. Бұрын ұл-қыздар алма және печеньемен қарын тойғызатын. Ал бүгін таңғы аста кәдімгідей ыстық тамақ ішуде.

– Мектеп асханасын ашқандарына өте қуаныштымын. Мұнда дәмді, ең бастысы пайдалы тамақтандырады. Бағалары да көңілден шығады.

– Асхананың тағамдары өте дәмді. Барлығы ұнады.

Жалпы, мектеп асханасының мәзірі әр түрлі. Пайдалы сүтті ботқа, сорпа, тағысын тағы. Ал екіншіге – әр түрлі гарнирлер. Ал жоғарғы сыныптар үшін бөлек буфет те қарастырылған. Тамақтанатын орынның жұмысын қайта бастауына асхана қызметкерлері біраз дайындалыпты.

Валентина Пышная – жеке кәсіпкер:

– Біз елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты көп уақыт жұмыс істемедік. Шынымды айтсам, бұл күнді өз басым асыға күттім, ұзақ дайындалдым. Асхананың ішіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Қол, ыдыс жуатын құрылғыларды ауыстырдық. Бүгін бірінші рет жұмысқа шыққандай қобалжып тұрмын. Тағамдардың барлығы оқушылардың көңілінен шықты деген үміттемін.

Сондай-ақ, білім ошағының асханасында көпбалалы және аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар тегін тамақтанады.

 

Казиканова Алтынай