МТРА жаңалықтары

VII шақырылымдағы СҚО мәслихатының 1-ші сессиясы өтті

Бүгін аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен VII шақырылымдағы Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 1-ші сессиясы өтті.

Шара барысында өңірлік депутаттар облыстық мәслихат хатшысын сайлады. Ортақ келісіммен жауапты міндетке бұған дейін де осы лауазымда қызмет еткен Владимир Бубенко сайланды. Сонымен қатар, сессия барысында мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамы мен төрағалары да бекітілді. Айта кетейік, сайлау қорытындысы бойынша биыл облыстық мәслихатқа 30 депутат тіркелді. Олардың 24-і – «Nur Otan»-нан, қалған 6-ы – «Ауыл» мен «AQ JOL» партияларынан. Жиында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов халық қалаулыларын құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз өз тарихымыздың 4-ші онжылдығына жаңа жоспарлар және идеялармен қадам басып отырмыз. Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау ел үшін маңызды саяси сынақ болды. Құрметті әріптестер, біз әрқайсысымыз жұмысымыздағы нақты істермен жерлестеріміздің сенімін ақтауымыз керек.

Еркебұлан Мәмбетов – Экономика, экология, бюджет, салық және қаржы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы.

Ирина Эктова – Халықтың денсаулығын сақтау, әлеуметтік қорғау, білім, мәдениет және жастар ісі мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы.

Біржан Жалғасбаев – Депутаттық өкілеттік, азаматтар құқығы мен заңдылықтар, қоғамдық ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдары мен байланыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан