МТРА жаңалықтары

VII шақырылымдағы Парламенттің алғашқы сессиясы өтті

Елорда төрінде VII шақырылымдағы Парламенттің алғашқы сессиясы өтті. Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауда асығы алшысынан түскен депутаттарды құттықтап, үндеу жасады. Сондай-ақ, бүгін ел Президенті Үкіметті отставкаға жіберді.

VII шақырылымдағы Парламенттің алғашқы сессиясында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барлық жиналғандарды өткен сайлаумен құттықтап, жаңа құрамдағы Мәжіліс депутаттарына табыс тіледі. Және өткен шақырылымның депутаттарына ойдағыдай қызмет атқарғаны үшін ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жаңа депутаттар алдыңғы әріптестерінің осы қарқынын сақтай отырып, анағұрлым жемісті жұмыс істеуі қажет. Себебі, бәрімізді зор міндеттер мен ауқымды істер күтіп тұр. Құрамы жаңғырған жаңа Мәжілістің қызметке кірісуі еліміз үшін символдық мәні бар екі оқиғамен тұспа-тұс келеді. Біз қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі межесіне қадам бастық. Сондай-ақ, қазіргі заманғы Қазақстан парламентаризмі ширек ғасырлық белеске жетті. Осы тарихи кезеңде сенім мандатына ие болған депутаттар ел үмітін ақтап, Отанымызға адал қызмет етеді деп кәміл сенемін.

Сондай-ақ, шара барысында ел басшысы бірнеше мәселелерге тоқталып, ұсынысын айтты. Сөзінше саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7 пайыздан 5 пайызға төмендету керек. Өйткені, аталған норма заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырады және саяси бәсекенің дамуына септігін тигізеді. Осыдан бөлек ел Президенті алдағы уақыттағы сайлауларда бюллетеньге тағы бір таңдау енгізу қажеттігін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Шын мәнінде, баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс. Сондықтан, барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн. Бұл бастама азаматтардың сайлау құқығын қорғауға жағдай жасайды. Таңдауы жоқтығын ресми көрсетудің өзі таңдау емес пе?!

Алқалы жиында бұдан бөлек алда келе жатқан ауыл мен аудан әкімдерін сайлау, мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру, қайырымдылық қызметін жүйелі қолдау секілді мәселелер талқыланды. Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің құрамына биыл 107 депутат кірді. Сайлаудан кейін төменгі палатаның құрамы 70 пайызға жаңарды.

Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан – 9,

“Nur Otan” партиясынан – 76,

“AQ JOL” демократиялық партиясынан – 12,

Қазақстан Халық партиясынан 10 депутат енді.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан