Ерiктiлер

СҚО-да “Жақсылық жаса” акциясы өтіп жатыр

СҚО-да “Жақсылық жаса” акциясы өтіп жатыр. Шарапаты мол шараға қатысушы жастар көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беруде. Бүгін волонтерлер  Светлана Қасымова есімді зейнеткердің үйіне барып, ақ ұлпа толған ауласын тазалап берді.

Аптаның басында өңірге қалың қар түсті. Бұл зейнет жасындағы Светлана Қасымова үшін үлкен қиындық тудырған. Жерлесіміз үйдің алдындағы ақ ұлпадан аяқ алып жүргісіз дейді. Бүгін зейнеткерге еріктілер қол ұшын созды. Бір топ жас тізеге дейін жететін қарды күреуге келген.

Светлана Қасымова – қала тұрғыны:

– 2-ші топтағы мүгедекпін. 85 жастағы қарт анаммен тұрамын. Бұрын маңайдағы шаруаны әкем атқаратын. Соңғы жылдары үйдің алдындағы қарды осы еріктілер тазартып жүр. Анамның және өзімнің атымнан алғысымды білдіремін.

Еріктілер Светлана Қасымоваға ұдайы көмектесіп тұрады. Жазда волонтерлер үйдің алдын қоқыстан тазартып, бақша өсіруге қолғабыс ететін көрінеді. Жақсылық жасауға жаны құмар жастардың бірі – Евгений Алпатов. Шарапаты мол іс-шараларға 2 жылдан бері қатысып жүр екен.

Евгений Алпатов – волонтер:

– Волонтерлердің қатарына 2 жыл бұрын қосылдым. Көмекке мұқтаж жандарға қолғабыс ету керек. Бүгін қолымызға күрек алып, қарт адамдардың үйінің алдын тазартып жүрміз. Бүгін 10-ға тарта баспанада болуды жоспарлап отырмыз.

Қалалық жастар ресурстық орталығы 40-тан астам еріктіден тұрады. Олар өздеріне хабарласқан және көмек қажет ететін адамдарды көшеде байқап қалса, қалғабыс етеді. Мәселен, Светлана Қасымованың қолында белсенді жастардың телефон нөмірлері бар. Көмек қажет болса соларға хабарласады.

Әлфараби Мыңбай – облыстық жастар бастамалары орталығының өкілі:

– Жалпы, біздің “Жақсылық жаса” акциясы қаңтардың 5-ші жұлдызында басталды. Осы күнге дейін облыс бойынша 70-ке жуық, ал қала бойынша 20-ға тарта адамға қол ұшын бердік. Қазіргі таңда жаңадан волонтерлерді жинап, сбор аштық.

Бұл акция күн жылынғанша, яғни көктемге дейін жалғасады. Содан кейін волонтерлар жаңа құраммен басқа акциядарды қолға алмақ.

 

 

Алдияр Айтпаев