МТРА жаңалықтары

«Qyzyljar – Adaldyq alańy» кезекті монтиторинг жүргізді

Күн сайын қаладан 25 мың текше метр көлемінде қар шығарылады. Жауапты істі жергілікті серіктестіктердің жүздеген маманы мен 250-ден астам техникасы күн-түн демей атқарып жатыр. Бүгін кәсіпорындардағы жағдаймен «Qyzyljar – Adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің өкілдері арнайы барып танысты.

Мониторингілік топ өкілдері алдымен “Ашық аспан” серіктестігіне келді. Мұнда қар тазалайтын 82 техника бар. 20-сы – жаңа. Кәсіпорын жұмысшылары Хименко, Набережная мен Победа көшелерінің тазалығына жауапты. Солнечный мен Борки кенттерінде де еңбектенеді.

Дулат Шәріпов – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Бүгінде қала бойынша қар шығарумен – 23, тазалаумен 14 кәсіпорын айналысады. Қар жауған күндері көшелерге 250-ден астам техника шығады. Қала 10 учаскеге бөлінген. Әр серіктестік өз аумағына жауапты. Жұмыс рет-ретімен орындалады.

Мониторингілік топ өкілдері “Ашық аспан” серіктестігінен бөлек өзге де кәсіпорныдарға бас сұқты. Техникасын қарады. Жұмысшыларымен тілдесті.

Сәлімхан Сәбитов – «Qyzyljar – Adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Бүгінгі монитирингке жобалық кеңсе менеджерлерінен бөлек, жергілікті әкімдіктің тұрғын үй шаруашылығы бөлімінің мамандары да қатысып жатыр. Тағы, қаланың белсенділері де ат салысуда. Мекемелерге айтар ескертулеріміз жоқ, бірақ тұрғындарға айтарымыз – көліктеріңізді жолға қоймаңыздар. Әсіресе, түнгі уақытта. Себебі, ол қар тазалау жұмыстарына кедергі келтіреді.

Бұл – жобалық кеңсе өкілдерінің 2021 жылдағы 2-ші мониторингі. Мамандар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта мониторингілік топ кәсіпорындардың түнгі уақытта қалай жұмыс істейтіндерін тексеруді көздеп отыр.

 

 

 

 

 

 

Бисенова Жанна