Облыстық орыс драма театрында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды

Мәдениет

22:24 15 Қаңтар 2021

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Мұнда ала жаздан бері 212 миллион теңгенің ауқымды ісі тындырылған. Мәдениет ошағында атқарылған шаруамен бүгін аймақ басшысы Құмар Ақсақалов арнайы барып танысты.

Сан жылдық тарихы бар Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры алыстан көз тартады. Нысанның қасбеті ақшыл түсті травертинмен қапталған. Аталған құрылыс материалы ғимаратқа ерекше сән беріп тұр. Терезелер де ауыстырылды. Мәдениет ошағына мөлдір әйнектер қойылған. Мұндай тамаша дизайн Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, жерлесіміз Болат Әсербековке тиесілі.

Болат Әсербеков – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі:

– Біздің міндетіміз театрдың іші-сыртын жарықтандыру, ерекше атмосфера сыйлау болды. Ойлағанымыз жүзеге асқан сияқты. Біраз жұмыс тындырдық. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың кеңесі бойынша орталық кіреберістегі дәлізді сәл кеңейттік. Бұдан бөлек, іште керемет композицияны дүниеге әкелдік.

Іштегі дизайн да келушінің назарын бірден аудартады. Алтын түстес композицияны ЭКСПО шарының құрылысын жобалаған шебер әзірлепті. Тамаша жұмысты театр басшылығы жарияламай, құпия түрде ұстаған екен. Тек бүгін көпшілік назарына ұсынып отыр. Басты залда да өзгеріс орын алды. Мұнда жарық шамдары ауыстырылған. Нәтижесінде зал одан әрі жайлы бола түскен.

Людмила Турпаян-Ванюкова – ҚР халық әртісі:

– Біздің ғимарат таңдай қақтырады. Театрдың ішіне кіргенде құдды алғаш рет келіп тұрғандай сезімді бастан кешіремін. Тамаша жұмыс атқарылды. Нысанның іші жарық, атмосферасы керемет.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Пандемияға байланысты театрлардың жұмысына шектеу қойылды. Бұл уақытты біз тиімді пайдаландық. Ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстарын бастап, бүгін аяқтап отырмыз. Жоспар толығымен орындалды. Атқарылған іске көңіл толады. Енді бұл жерде әртістерге де, көрермендер де қолайлы жағдай жасалды деп сеніммен айта аламыз.

Театр келушілерді қашан қабылдайды? Бұл жағы әлі белгісіз. Мәдениет саласының өкілдері санитарлық дәрігердің рұқсатын күтіп отыр.

Мәдениет ошағындағы жөндеу жұмыстары биыл да жалғасын табады. Қара шаңырақтың директоры Спартак Рамазановтың айтуынша, 2021-де коммуникация мен шағын бөлмелер қалыпқа келтірілмек.

Спартак Рамазанов – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының директоры:

– Биыл жылумен, жарықпен қамту бағытында жұмыстар атқарылады. Кабинеттеріміз қалыпқа келтіріледі. Бір сөзбен айтсақ, ғимараттың барлық бөлігі жөнделеді.

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры – Қазақстандағы көне өнер ордаларының бірі. Келесі жылы ғимараттың негізі қаланғанына 135 жыл толмақ.

 

Култанов Байболат

Бұдан әрі оқыңыз

Қазақ театрында “Алғыс айтамын халқыма” атты мерекелік кеш өтті
Петропавлда «Парасат жолы» орталығы ашылды
Солтүстікқазақстандықтар Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды
Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туындылары онлайн-көрмеде таныстырылды
Жергілікті университеттің кітапхана қоры ерекше кітаптармен толықты
Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында – премьера
Жергілікті 14 өнерпаз ұжым “Халықтық” және “Үлгілі” атақтарына ие болды
Петропавлда Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай шара өтті