Облыстық әкімдік отырысы өтті

МТРА жаңалықтары

22:34 15 Қаңтар 2021

324 млрд теңге. 2021 жылға арналған облыс бюджеті осынша соманы құрайды. Қомақты қаржыға жолдар жөнделіп, ауылдарға таза ауыз су тартылып, әлеуметтік маңызы бар нысандар салынбақ. Тағы, бірнеше ғимаратты қалыпқа келтіру көзделген.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгін 2021 жылдың алғашқы кездесуінде біз өткен 12 айды қорытындылап, биылғы міндеттерді белгілейміз. 2020 жыл – вируспен күрес кезеңі ретінде есте қалады. Қатаң карантин, демалыс күндерінің локдауны, бекеттер, маска режимі – мұның бәрі әдеттегі өмір салтымызды түбегейлі өзгертіп қана қоймай, бізді біріктірді.

Бірақ, ауыр індет жойылған жоқ, сондықтан 2021 жылда вируспен күрестің жаңа кезеңі басталды. Ол үшін үстіміздегі жылдың ақпан-наурыз айларында қауіп-қатер тобындағы азаматтарға вакцина егу жұмыстары қолға алынады деді Құмар Ақасақалов. Сондай-ақ, өңір жетекшісі жуырда өткен депутаттар сайлауына белсенді қатысқан солтүстікқазастандықтарға алғысын білдірді. Кейін, әрбір салаға жіті тоқталып, өткен жылғы жетістіктерді атап өтті, алдағы жоспарлармен бөлісті. Бірінші кезекте – ауыл шаруашылығы саласы.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өңіріміз – ауыл шаруашылығы тауарын өндіру бойынша көшбасшылардың бірі. Өнім көлемі өткен жылы 779 млрд теңгеге жетті. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 167 млрд-қа көп. Айта кетейін, өткен жылы ауа райының қолайсыздығына қарамастан өңір диқандары жақсы көрсеткішке қол жеткізді. 4,5 млн тонна дәнді және 786 мың тонна майлы дақыл жиналды.

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы астықты өсіріп қана қоймай, оны қайта өңдеумен де белсенді айналысады. Өңірде крахмал мен глютен шығаратын «Bio Operations» кәсіпорны жұмыс істеп тұр. Биыл ауқымды жаңғыртудан өткен өндіріс орны енді биоэтанол да өндіре бастаған. Мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша да жұмыс бір жолға қойылды. Аймақта цифрландырылған сүт-тауарлы фермалар, су жаңа ет комбинаты мен шошқа өсіру кешендері пайда болуда.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Естеріңізге сала кетейін, 2019 жылғы қорытынды кездесуде 2020 жылы сүт өндірісін – 590 тоннаға, ал ет өндірісін 5 пайызға арттыру жоспарланған болатын. Жыл қорытындысы бойынша жоспар артығымен орындалды. Осылайша сүттің көлемі – 598 мың тонна, ет өндіру 7 пайызға артқан. Бұның барлығы – мал шаруашылығы жобаларының іске асырылуының нәтижесі.

Өткен жылы өңірде 2 бордақылау алаңының құрылысы басалған болатын. Сондай-ақ, 11 сүт-тауарлы ферманың құрылысы қолға алынды. Оның 5-уі жуырда қолданысқа тапсырылды. Ағымдағы жылы өлкеде тағы 10 заманауи сүт фермасы тұрғызылмақ.
Жалпы, 2021 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін 825 млрд теңге көлемінде өндіру көзделіп отыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ауыл шаруашылығымен қатар өнеркәсіп саласында да оң өзгерістер байқалады. Пандемияға қарамастан, бірде-бір зауыт өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Осылайша, 2020 жылы шығарылған өнім көлемі 4,8%-ға, яғни 306 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Осы орайда айта кетейін биыл өңірімізде қағаз өнімдерін жасайтын зауыты мен көкөніс өсірілетін үлкен жылыжайдың құрылысы басталмақ.

Өңірде жақсы қарқын құрылыс саласында да байқалады. Өткен жылы облыс орталығында 3300 пәтер қолданысқа тапсырылса, биыл бұл көрсеткіш 3700-ді құрамақ. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Сондай-ақ, елді мекендерде де 714 үй салу жоспарлануда. Бұдан бөлек, ауылдағы ағайынның тұрмысын жақсарту үшін бірқатар ауқымды шаруалар атқарылуда. Мәселен, өткен жылы ауылдарды сумен қамтамассыз ету үшін 6,5 млрд теңге бағытталған. Қомақты қаржыға 335 шақырым су құбыры жөнделіп, 3 мыңға жуық тұрғынның үйіне тіршілік көзі тартылды. Жалпы, бүгінде ауыл халқының 82% сапалы ауыз суға қол жеткізген. Сондай-ақ, биыл ауылды жерлердегі жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасады. 125 мың халқы бар 160 елді мекен арасындағы байланыс жақсарады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Үстіміздегі жылы білім беру саласына көп қаржы жұмсалмақ. Ел бюджетінен 95,6 млрд теңге қарастырылып отыр. Білім ұялары күрделі жөндеуден өтіп, материалдық базалары жаңартылатын болады. Соның ішіне аудандардағы 5 бірдей коллдж де кіреді. Тағы биыл Тайынша ауданында – 720 орынға шақталған, ал Петропавлда 900 орынға арналған мектеп ашылмақ. Бұдан бөлек, үстіміздегі жылы облыс орталығында студенттер үшін 3 жатақхана салу жоспарланған.

Денсаулық саласында да оң өзгерістер орын алмақ. Биыл Береке және Жас өркен ықшам аудандарында емхана құрылысы басталмақ. Сондай-ақ, облыстағы ауруханалар мен емханалар медициналық қымбат жабдықтармен жарақталады. Мәдениет ошақтары мен спорт кешендері де күрделі жөндеуден өтпек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Сондықтан, біз мерейлі жылды жақсы экономикалық көрсеткіштер және әлеуметтік жетістіктермен атап өтуіміз керек. Бүгінгі таңда облыстық бюджет барлық жоспарлар мен мақсаттарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бюджеттің өткен жылғы деңгейден 26% асып түскенін тағы бір рет еске салайын. Облыс қазынасы одан әрі толыға түспек. Сондықтан, біздің жалпы міндетіміз -азаматтарымызға бар жағдайды жасап, өмір сапасын жақсартуға ұмтылу.

 

 

Ешкенова Дана

 

Бұдан әрі оқыңыз

2021 жылғы 22 қыркүйектегі “МТРА жаңалықтары” қорытынды ақпараттық бағдарламасы
Б.Мусин: Қазақстанның Еуразия орталығында цифрлық хабқа айналуға нақты мүмкіндігі бар
СҚО-да «Еңбек» бағдарламасы аясында 700-ге жуық адам өз ісін ашқан
Муниципалдық телеарнаға – 23 жыл
2021 жылғы 13 қыркүйектегі “МТРА жаңалықтары” қорытынды ақпараттық бағдарламасы
СҚО мен ЕАЭО елдерінің сауда-саттығы артуда