Білім

НЗМ-ға қабылдау тәртібіне өзгерістер енгізілді

Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне құжат қабылдау науқаны қаңтардың 23-і аяқталады. Ал қорытынды тестілеу наурыздың 11-і мен 12-сі күні өтеді деп жоспарланып отыр. Биыл дарынды балаларға арналған білім ордасына тек 120 ұл-қыз ғана қабылданады. Сондай-ақ, пандемияға байланысты тапсыратын құжаттар тізіміне өзгерістер енгізілген.

Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне түсу үшін тапсыратын сынақ 2 кезеңнен тұрады. Алғашқысында оқушылар математика мен жаратылыстанудан тест тапсырса, ал кейінгісінде гуманитарлық бағыт бойынша білім жарыстырады. Сынақ 3 тілде өтеді.

Данияр Уәлиев – Химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:

– Биыл оқушылардың жаратылыстанудан тапсырған тест бойынша жинаған ұпайларын есептемейміз. Яғни, ол қосымша пән ретінде болады. Ал ендігі жылдан бастап одан ұпай санын нәтижеге қосатын боламыз. Және математикадан тапсыратын сынақтың ішінде сандық сипаттамалар бойынша сұрақтар да кездеседі. Сынақ қабылдау барысында біз ұл-қыздардың логикалық қабілетіне аса назар аударамыз.

Тестілеуден өтіп, жоғары балл жинаған оқушылар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өркен» грантына ие болады. Яғни, білім ошағында тегін оқуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, мектеп және спорт формасы да тегін беріледі. Жалпы айтқанда, барлық жағдай жасалады. Тіпті, ауыл-аймақтан келгендер үшін арнайы жатақхана қарастырылған. Оқуға сынақ тапсырғандардың 120-сы ғана қабылданады екен. Ал тиісті ұпай санын жинай алмағандардың жағдайы не болмақ?

Данияр Уәлиев – Химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:

– Егер оқушы барлық пәннен жеткілікті ұпай санын жинап, математикадан аз алып қалса, онда ол резервке алынады. Яғни, ұл-қыздардың бірі белгілі себептермен мектептен кетсе, сол адамның орнына кезекте тұрған оқушыны қабылдаймыз.

Биыл елдегі эпидемиялогиялық жағдайға байланысты НЗМ-ға оқуға түсу үшін тапсыратын құжаттардың тізіміне өзгерістер енгізіліп отыр. Емханаларда адамдардың көп шоғырлануын тудырмас үшін ұл-қыздардан 086у формасындағы медициналық анықтама қажет етілмейді. Оны олар оқуға қабылданғаннан кейін де тапсыра алады.

 

 

 

Казиканова Алтынай