МТРА жаңалықтары

Қалалық мәслихат депутаттығына 18 адам сайланды

Бүгін қалалық мәслихаттың депутаттары таныстырылды. 7-ші шақырылымның 1-ші сессиясында халық қалаулысы атанған 18 адамға  мандаттар табыс етілді. Одан соң дауыс беру арқылы хатшысы да тағайындалды.

Жиын басында ең алдымен халық қалаулыларына мандаттар табыс етілді.

Одан соң қалалық мәслихаттың хатшысы сайланды. Бұл орынға Арман Бердағұлов лайық деп танылды. Сонымен экономика және бюджет салаларына қатысты мәселелермен 6 адам айналысатын болады. Білім, мәдениет, спорт салаларына және жастар ісі жөніндегі сұрақтарға 5 адам жауапты болмақ. Күлімкөз Смаилова – 30 жылдық тәжірибесі бар педагог. Ол қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту қажет дейді. Бұл – қазір көкейкесті мәселелердің бірі. Осы ретте бірқатар ұсыныстарын білдірді.

Күлімкөз Смаилова – қалалық мәслихаттың депутаты:

– 30 жылға жақын біз осы мәселені көтеріп жатырмыз. Бірақ, өкінішке қарай, қазақ тілі әрі лайықты орнын ала алмай жатыр. Ана тіліміз ұлтаралық тілге айналуы керек. Ол үшін білім сапасын арттырып, қаржыландыруға ерекше мән беру қажет.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларына қатысты сұрақтарды 6 депутат негізге алмақ. Кейін қала әкімі Болат Жұмабеков халық қалаулыларының жұмысына табыс тіледі.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Ең біріншіден жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныстарын қолдап, жеткізіп, үміттерін ақтайтындарыңызға сенемін.

Айта кеткен жөн, қалалық мәслихатта халық қалаулыларының 16-сы – Nur Otan-нан, қалғаны Қазақстанның халық партиясы атынан сайланды. Депутаттардың 30-дан астам пайызы, яғни 6-уы – нәзікжандылар. Депутаттар әлеуметтік-экономикалық салаларды дамыту үшін тың идеялар ұсынып, халықтың сеніміне селкеу түсірмеуге уәде берді.

 

 

 

 

Маржан Касымбек