Құқық қорғау органдары

Жыл басынан облыста 13 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген

Абайлаңыз, алаяқ! Соңғы кездері интернет кеңістігінде сан соқтырып кету жағдайлары жиіледі. Былтыр облыс аумағында өңір бойынша 500-ге жуық факті тіркелсе, жылдың басынан бері / әлден 13 жағдай анықталып отыр. Соның бірі жақында болды. 32 жастағы келіншек 64 мың теңгесінен қағылған.

88-ші жылғы келіншек интернетте қаражат айналымы мен оны өсіру деген хабарламаға көзі түседі. Белгілі бір сомада ақша аударсаң қайтарымы үлкен болады деп жазылыпты. Оңай олжаға сеніп, манағы сайт өкілдерімен байланысқа шығады. Телефонның ар жағындағылар капиталды өсіру үшін 150 доллар лақтыру қажеттігін айтқан. Сосын ол 3 есеге дейін көбейеді деген.

Жоламан Құмарбек – СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:

 

– Ағымдағы жылдың 12-ші қаңтарында Петропавл ПБ бірінші полиция бөліміне облыс орталығының 32 жастағы азаматшасы белгісіз азаматтардың оны алдау арқылы 64 мың теңге көлемінде шығын келтірді деген арызбен хабарласқан. 01:45 Хат алмасу барысында жәбірленуші QIWI-әмиянға 150 долларды аударған. Біраз уақыттан соң қаскүнемдер байланысқа шықпай қойған. Осыдан соң жәбірленуші полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген.

Жаңағы сайт ресейлік компаниялардың біріне тиесілі болған көрінеді. Кейін манағы сайт жоғалып кетеді. Телефон нөмірлері де бұғатталған болып шығады.

Жоламан Құмарбек – СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:

 

– Дәл осы ресейлік сайт бойынша біздің өңірімізде 1-ші факті тіркеліп отыр. Аталған факті бойнша ҚР ҚК 190-бабының 2-тармағы 4-тармақшасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған бап бойынша 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қолданылады.

Қылмыстық іс ашылуын ашылды. Интернет-алаяқ анықтала ма? Бұған көп уақыт кетуі мүмкін. Себебі, олар әлемнің кез келген бұрышында отыруы мүмкін әрі бірден іздерін жойып отырады. Жалпы, өткен жылы өңір бойынша 500-ге жуық интернет-алаяқтық фактісі тіркеліпті. Ал жыл басынан бері 13 жағдай тіркелініп үлгерген. Оның дені тұрғындардың атынан кредит рәсімдеуге қатысты. Тәртіп сақшыларының айтары: жылтыраған дүниеге қызығып, сан соғып қалмас үшін күмәнді сайтқа кірмеу керек, құр сөзге сенбеу керек. Басты қағида – осы.

Жанна Бисенова