МТРА жаңалықтары

СҚО-да алимент бойынша қарыз 65 млн теңгені құрап отыр

Облыста  300-ге жуық алимент төлеуші міндетін орындаудан жалтарып жүр. Көкек әке-шешелердің  баласы алдындағы қаржылай қарызы 65 млн теңгені құрап отыр. Қарызын қайтармай жүргендер  заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Былтыр осындай жауапсыз әке 1 жылға  шартты түрде бас бостандығынан айырылған.

Ирина Фадеева әрбір қыз баласы секілді тұрмыс құрып, отауының отын жағып, ана атануды армандапты. Арманы 2009 жылы орындалып, сүйікті жарымен шаңырақ көтерген. 9 ай, 9 күн дегенде тұңғыштары да дүниеге келеді. Өкінішке қарай, шақалақ кемтар болып туылады. Нәрестеге қымбат препараттар мен ота жасату қажет болады. Осындай қиын сәтте Иринаны жолдасы тағдырдың қатал сынағымен бетпе-бет қалдырған. Ішімдікке салынып, жанұясынан теріс айналған екен.

Ирина Фадеева:

– 2011 жылдың соңында ажырасуға арыз жаздым, ал 2012-де сот шемімімен ресми түрде ажырастық. Сол сәтте бірден алиментке өтініш бердім. Бірақ, бұрынғы жолдасым ақша төлеп жарытпады. Жарты жылда бар-жоғы бір рет 5 мың теңге берді. Жасыратыны жоқ, ақшадан қатты қиналдым. Балама қымбат дәрілер алу керек болды. Өзім жұмысқа шыға алмадым, ұлыма күтім жасадым.

Ақшадан тарыққан Ирина Фадеева “алимент төлемей жатыр” деп қайта-қайта жеке сот орындаушысына шағым түсірген. Бұдан ешқандай нәтиже болмапты. Нәзікжанды көкек әкеден көк тиын да көрмепті. Сорақысы сол, сол кезде науқас баласына берешегі бар ер адам еңбек етіп, жақсы ақша тауып жүрген екен. Бірақ, мемлекеттен түскен табысын жасыру үшін ол бейресми жұмыс істеген көрінеді.

Ирина Фадеева:

– Мәселе шешімін таппаған соң 2017 жылы басқа маманға жүгінуге тура келді. Ол маған полицияға арыз жазуға болатынын айтты. Сөйтіп, құқық қорғау органына жүгіндік. Осы сәтте алимент төлемей жүрген әкеге қатысты тергеу жұмыстары басталды.

Тергеу жұмыстарынан кейін ер адам бір күнге әкімшілік қамауға алыныпты. Осыдан кейін жүргізуші куәлігінен айырылған. Бірақ, қолға алынған бұл шаралар жауапсыз әкеге еш әсер етпеген көрінеді. Бұрынғысынша берешегін өтемеген. Ақыры заңға бағынбаған жан жазаланады. 2020 жылы соттың шешімімен ол қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ер адам 1 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Ернар Аяжанов – жеке сот орындаушысы:

 

– Алимент өндіріп алу әлеуметтік маңызы бар істердің санатына жатады. Бірақ, борышкер ата-аналардың көбісі бұны түсінбейді. Мысалы, Ирина Фадееваның бұрынғы жолдасы 2012 жылдан бастап алимент төлемеген. Түрлі арыздар жазылғанымен оларды елемеген. Осы аралықтың ішінде оның қарызы 3 млн 200 мың теңгеден асты. Алдағы уақытта ол баласының алдындағы қарызын біртіндеп төлеуі тиіс.

Жалпы, өңірімізде алимент төлеушілердің саны 6 мыңнан асады, оның 270-і – міндетін орындаудан жалтарып жүргендер. Өткен жылы 67 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олар – қарыздарын жылдап қайтармай жүргендер. Бүгінде алимент төлемейтін солтүстікқазастандықтардың қарызы 65 млн теңгені құрайды.

Ешкенова Дана