Қоғам

Петропавлдағы балық питомнигінде 116 млн уылдырық жетілдірілуде

Петропавл балық питомнигінде 116 млн уылдырық жетілу сатысынан өтуде. Шабаққа айналған су жануарлары сәуір айында өңірдегі өзен-көлдерге жіберілетін болады. Бұл іс аяқталғаннан кейін мамандар карп балығын көбейтуді жоспарлап отыр. Жалпы, мемелекет тарапынан биылғы тапсырыс 44 млн балықты құрайды.

Қазір цех ішіндегі сынап бағанасы +4 градусты көрсетіп тұр. Ал “Вейс” аппаратындағы судың температурасы тіпті төмен. Көрсеткіш 1 градусты құрайды. Мұндай жағдай уылдырықтардың дамуына мүмкіншілік береді екен. Оның себебін питомник өкілдері түсіндірді. Сөздерінше, дернәсілдер салқын температурада жақсы жетіледі. Бірақ, күтімді ұмытпау қажет. Мысалы, инкубаторлардағы суды тұрақты түрде ауыстырып отыру керек. Сонда тіршілік иелері 6 айға созылатын күтіп-баптау процесінде басым бөлігі өліп қалмайтын көрінеді.

Анастасия Молоткова – Петропавл балық питомнигі инкубациялық цехінің меңгерушісі:

– Қазіргі уақытта біздің цехта дернәсілдерді күту және дамыту процесі жүріп жатыр. Желтоқсан айында біздің мамандар Қазақстан бойынша уылдырық жинаумен айналысты. Жыл соңында оларды питомникке әкеліп, “Вейс” апаратына жібердік. Бір аппаратқа 1 млн-ға жуық тіршілік иесі сыяды.

Қазір мұндағы “Вейс” апараттарында 116 млн-ға жуық уылдырық бар. Олар 6 айдың ішінде ақ балықтарға айналады. Питомникте бұдан бөлек, сазан, пелед және рипус тұқымды балықтар да өсіріледі. Өсіп-өнгеннен кейін су жануарларының барлығы өңір аумағындағы өзен-көлдерге жіберіледі.

Рустам Жанабаев – Петропавл балық питомнигінің директоры:

– Петропавлдағы балық питомнигі – ақ балықты өсіру бойынша мемлекеттік тапсырысты орындайтын өңірдегі жалғыз кәсіпорын. Биылғы мемлекеттік тапсырыс 44 млн балықты құрайды. Бұған ақ балықпен қоса, пелед және рипус кіреді. Біз әр жылдың көктемінде тіршілік иелерін Есіл өзені мен Сергеев су қоймасына жібереміз.

Уылдырық өсіру оңай шаруа емес. Аппарат ішіндегі тіршілік иелері күні-түні күтімді қажет етеді. Қанша күш жұмсалса да дернәсілдердің 80 пайызға жуығы өсіп-өніп кетеді.

Алдияр Айтпаев