Аптадағы маңызды жаңалықтар

Парламент Мәжілісі депутаттығына – ҚХА атынан 9 адам

Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына бірге үлес қосу. Қаңтардың 11-і күні / елордада Парламент Мәжілісіне / Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан депутаттарды сайлау бойынша Ассамблеясының XXVIII /28-ші/ сессиясы өтті. Алқалы жиынға біздің өңірімізден 15 адам қатысып қайтты. Сайлаудың нәтижесі бойынша Ассамблея атынан / депутаттыққа елімізден 9 адам өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы, ҚР Тұңғыш Президенті :

 

– Жаһандық әлем күшті трансформацияны бастан өткеріп отыр. Біз бәріміз мүлде жаңа тарихи дәуірде өмір сүріп жатқанымызды түсінеміз. Экономика, қоғам өмірі және технология түбегейлі өзгерді. Бұл жаңалықтарды қабылдап, көп нәрсені үйренеміз, біраз нәрсені істей аламыз. Бірақ, бұл құбылмалы әлемде бір ғана мәңгі әрі кешенді құндылық бар. Ол – қоғамның бірлігі мен ұлтаралық келісім.

Бүгінгі күні Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бір шаңырақтың астында, бейбіт бесікте тербелген халқымыз, тәуелсіздік алғаннан бері бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, мемлекеттің дамуына өз үлесін қосып келеді. Еліміздегі маңызды өзгерістерге де белсене ат салысуда. Чингиз Курбанов – облыстық әзірбайжан этномәдени орталығының төрағасы. Азамат ұзақ жылдардан бері мемлекеттік тілді дамыту аясында жұмыс жасап келеді.

Чингиз Курбанов – облыстық әзірбайжан этномәдени орталығының төрағасы:

 

– Біз Солтүстік Қазақстан облысында қазақ тілін дамыту бойынша көптеген жұмыстар атқарып жатырмыз. Сондай-ақ, әзірбайжан ұлты өкілдерінің арасында да ана тілдерін оқыту және өз мәдениеттерін өркендету аясында шаруа атқарамыз. Жастармен де көп кездесулер өткіземіз. Оларды Қазақстанның патриоты болуға тәрбиелейміз. Біздің мақсатымыз – елдің бірлігін одан әрі нығайту.

Осы орайда айта кетейік, жақында елордада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан депутаттарды сайлау бойынша Ассамблеясының XXVIII сессиясы өткен болатын. Оған өңіріміздің атынан 15 делегат қатысты. Чингиз Курбанов та солардың қатарында. Алқалы жиында басқа да республикалық және аймақтық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері болды. Сондай-ақ, шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, өз таңдауларын жасады.

Күлімкөз Смаилова – облыстық ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрайымы:

 

– ҚХА 28-ші сессиясына қатысып, ҚР Парламенті Мәжілісіне 9 депутатты сайладық. Олар – түрлі ұлт өкілдері мен түрлі жастағы азаматтар. Олардың негізі мақсаты – Қазақстан үшін маңызды мәселе болып саналатын ұлтаралық, дінаралық келісімді сақтау.

Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Парламент Мәжілісіне депутаттарды сайлау – өте орынды іс. Себебі, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді бірлесіп шешудің арқасында еліміз өркендеп, дами түседі дейді мамандар.

Жансейіт Түймебаев – Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары:

 

– Бұл қадам біздің қоғамның бірлігін нығайтуға, этностардың мүдделерін білдіруге, олардың еліміздің қоғамдық-саяси өміріне қатысуын жандандыруға бағытталған болатын. Аталған норма Біріккен Ұлттар Ұйымының, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының және басқа да халықаралық ұйымдардың халықаралық пактілері мен конвенциялары аясында Қазақстанның адами өлшемдер, азаматтық және саяси құқықтар саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындауымен ұштасып жатыр.

 

Бердімұрат Баймұқан