МТРА жаңалықтары

Пара бергендерге айыппұл көлемі 2 есеге ұлғайды

Жемқорлық жасағандарға қатысты жазаның / жоғарғы шегі ұлғайып, айыппұл мөлшері артты. Қазақстанда өткен жылдың соңында Қылмыстық кодекске бірнеше түзетулер енгізіліп, жыл басынан күшіне енді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Ернар Баянғазин онлайн-брифинг барысында баян етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

 

– Біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында пара берушілер мен делдалдардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырған болатын. Ал желтоқсан айында бармақ басты, көз қыстылықпен күресті қатаңдату жөнінде Қылмыстық кодекске тиісті түзетулер енгізілді.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:


– Егер бұрын Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігінде көзделген “айтарлықтай мөлшерде пара беру” қылмысы үшін ең жоғары санкция 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құраса, тиісінше, бұл әрекет орташа ауыр қылмыс деп танылды. Ал қазіргі жаңа редакцияға сәйкес, жазаның жоғарғы шегі 7 жылға дейін ұлғайтылды, бұл автоматты түрде ауыр құқықтық салдары бар санатқа, яғни шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу және қауіпсіздігі төмен қоныс колониясында жазаны бірден өтеудің мүмкін еместігі көзделген.

Бас бостандығынан айыру мерзімдерінің ұлғаюынан бөлек, пара бергені және парақорлыққа делдал болғаны үшін салынатын айыппұл мөлшері де бірнеше есеге өсті. Мысалы, енді пара берушілер үшін айыппұлдың ең төменгі мөлшері – 2 есеге, параның 10 еселенген мөлшерінен 20 еселенген мөлшеріне дейін ұлғайтылды. Делдалдар үшін де айыппұлдың мөлшері 2 есеге артты. Бұдан бөлек, Президент өзінің қыркүйектегі Жолдауында “Мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, кәсіпкерлердің жұмысына кедергі жасау мемлекетке қарсы ауыр қылмыс ретінде қабылдануы керек” деп атап өтті.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:


– Бизнесті қорғауды күшейту контексінде кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтірмеу мақсатында Қылмыстық кодекске жауапкершілікті күшейтетін түзетулер енгізілді. Енді құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бизнеске араласқаны үшін 2 жылдың орнына 5 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын қолдану қаупі бар. Құқық қорғау органдары басшылығының және судьялардың осындай әрекеттерді жасауы одан да қатаң жазаға, яғни, 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.

Осы орайда айта кетейік, өткен 12 айда жергілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары шағын және орта бизнеске заңсыз араласудың 10 фактісін анықтаған. Жемқорлық жасаған 17 адам сотталған. Оның ішінде 12-сі 96 млн теңге көлемінде айыппұл төлеген.

Ешкенова Дана