Қоғам

Облыстық кітапхана қоры 100 жаңа кітаппен толықты

Көркем шығармалар, балалар әдебиеті, тарихи туындылар, психология, менеджмент. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхана қоры 100 жаңа кітаппен толықты. Бүгін құнды жәдігерлер қала тұрғындарының назарына көрме ретінде ұсынылды.

Кітап көрмесінде жерлес жазушылардың қаламынан туған еңбектер таныстырылды. Соның бірі – Болат Сағындық ағамыздың «Мемориал» атты туындысы. Мұнда саяси-қуғын сүргін құрбандары мен олардың бастан кештен оқиғалары жайлы жазылған.

Жанат Мұхамеджанов – С.Мұқанов атындағы ОӘҒК қызметкері:


– 31-33-ші жылдардағы қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, мемориалдық ескерткіштің қалай ашылғаны жайлы жазылған. Жалпы, қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым ету мақсатында шығарылған екен.Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу ескерткіші бұрынғы НКВД-ның ғимараты болған. Онда ату жазалары, абақтыға алу туралы үкімдер шығарылған.

Кітапхана қорына келіп түскен дүниелердің ішінде сыртқы пішіні мен жазылу стилі бойынша ерекшеленетін дүние де бар. Ол «Ботай» деп аталады. Құнды жәдігердің авторы – Есіл ауданының тумасы Виктор Зайберт. Тарихи ескерткіштің құндылығы мен қонысты зерттеу туралы еңбек 3 тілде жазылған.

Елена Скакунова – С.Мұқанов атындағы ОӘҒК іс-шара ұйымдастырушысы:

– «Ботай» қонысын зерттеу барысында археологтар барлық мәліметті жинап, қағаз бетіне түсіріп отырған. Нәтижесінде, осындай еңбек шығып отыр. Қазба жұмыстары кезінде табылған көне дүниелердің суреттері де бейнеленген. Жалпы, өте қызықты, танымдық кітап.

Сиясы кеппеген туындылар әр тақырыпта, түрлі бағытта жазылған. Олар: қазақ, орыс, шетел әдебиеті, психология, менеджмент, тағысын тағы. Келіп түскен кітаптардың ішінде Абай Құнанбайұлының өмірбаяны мен шығармашылығы туралы түпнұсқа қолжазбалардан тұратын еңбек те бар. Бұл дүние мұнда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі қорынан жеткізіліпті. Жалпы, бүгінгі көрмеге 100 кітап қойылды.

– Өз басым көркем әдебиетті оқығанды ұнатамын. Көрмеге келе сала көзім бірден Сәбит Мұқановтың құрметіне жазылған кітаптарға түсті.

– Мен поэзияны сүйіп оқимын. Владимир Высоцкийдің туындылары көңілімнен шығып отыр.

Жалпы, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхана қорында бүгінде 650 мыңнан астам еңбек бар.

Алтынай Қазиқан