Спорт

“Құлагер” ХК тағы да жеңіліс тапты

Солтүстікқазақстандық хоккейшілер қарымта матчта да жеңіліс тапты. Кеше құлагерліктер қарағандылық “Сарыарқа” клубына тағы да есе жіберіп алды.

Бұл ойында есепті жерлестеріміз ашты. Кездесудің 7-ші минутында қорғаушымыз Фёдор Хорошев көзге түсті. Алайда, 2-ші және 3-ші кезеңдерде теріскейліктердің тас қамал қорғанысы сыр берді. Орталыққазақстандықтар “Құлагер”-дің қақпасына бір емес, 4 бірдей шайба дарытты. Соңғы периодта жергілікті хоккейшілер есеп айырмасын 1 голға дейін қысқартқанымен, таразы басын теңестіре алмады. Сөйтіп, тартысты бәсеке 4 те 3 есебімен аяқталды. Осылайша, құлагерліктер қатарынан 6-шы мәрте жеңіліс тапты. Қазір петропавлдық клуб турнирлік кестеде 7-ші сатыда тұр. Қоржында 45 ұпай бар. Келесі ойын 18-ші қаңтар күні елордалық “Номад”-қа қарсы өтеді.

Александр Троицкий – “Qulager” ХК бас бапкері:

 

– Біз бұл ойынға физикалық та, психологиялық тұрғыда да тыңғылықты дайындалдық. “Сарыарқа” – жас әрі жылдам команда. Соны ескеріп арнайы тактика да әзірледік. Бірақ, ойлағанымыз жүзеге аспады. Жеңіске бір қадам жетпеді. Алайда, біз еңсемізді түсірмейміз. Келесі ойындарға дайындалып, ұпай еншілеуге барымызды саламыз.

Бисенова Жанна