COVID-19: Қазақстан

Келесі аптадан жергілікті мектептердегі асханалар жұмысын бастайды

Қазақстанда коронавирустың екінші толқыны басталды. Кезекті рет тап берген індетке қарсы тұруға дайынбыз ба? Бұл жайлы жергілікті мамандар өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында баяндады. Сондай-ақ, жиында мектептердегі асханалар жайлы да айтылды. 

Ерлан Қиясов – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер: 

– Соңғы айда Қазақстанды эпидемиологиялық жағдайдың нашарлағаны байқалып отыр. Еліміз жасыл аймақтан сары аймаққа ауысты.

Күні кеше еліміздің бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов брифинг өткізді. Жиында Қазақстанда коронавирустың екінші толқыны басталғандығы туралы айтылды. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары, Атырау, Ақмола, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында жағдай күн сайын ушығып барады. Сары зонадағы аймақтар тізіміне кеше Қызылорда да енді. Індетке қатысты жағдай өңірде де мәз емес. Өткен тәулікте Солтүстік Қазақстанда 59 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. 52 тұрғынның бойында ауру белгілері анық байқалады. Ал қалғандары – симптомсыз.

Арман Күшбасов – СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

 

– 12 адам Петропавлда сырқаттанып қалған. Вирус – Мамлют, Қызылжар, Ғ.Мүсірепов аудандарындағы 3 адамнан, Жамбыл, Тайынша, Айыртау аудандарында 12 тұрғынның бойынан анықталды. Ақжар мен Шал ақын, Есіл аудандарында 30-ға жуық адам науқастанып қалды. 3 жағдай Аққайыңда тіркелді. Індеттің таралу жолына тосқауыл қоятын жолдардың бірі – санитарлық талаптарды сақтау. Адам көп шоғырланған жерге бармай, маска тағып жүріңіздер.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары
Нұрлан Айманов вирустың кезекті толқынына медициналық мекемелер сақадай сай екендігін айтты. Ең алдымен, ол науқастарға арнап қанша орын әзірленгендігін баян етті. Өңірде 1200-ге жуық төсек-орын дайын тұр. Қазір олардың жартысына жуығына ауруға шалдыққан жандар жайғастырылған. Қажеттілік туындаған жағдайда төсек-орын 2 есеге көбейтіледі.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

 

– Өңірде 98 мобильдік бригада бар. Оның құрамында 547 дәрігер бар. Әзірге, жедел жәрдем қызметіне түсетін қоңыраулар саны азайған. Тәулігіне 400-ге жуық тұрғын жүгінеді. Басым бөлігі коронавирустан өзге ауруларды айтып шағымданады. Дәрі қоры бізде жеткілікті. Қажетті препараттардың барлығы бар.

Мамандар брифинг барысында 3-ші тоқсандағы оқыту барысына да тоқталып өтті. Аптаның басында 416 мектеп оқушыларын толық қабылдап, бұрынғыдай штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. 34 мыңнан астам ұл-қыз санитарлық талаптарды сақтай отыра, оқу ұясына келіп білім алуда. Енді келесі аптадан бастап асханалардың жұмыс істеуіне де рұқсат етілмек.

Арман Күшбасов – СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

 – Асхана ішіндегі үстелдердің арақашықтығы 2 метрден кем болмауы керек. Әр 2 сағат сайын арнайы бөлме зарарсыздандырылуы шарт. Оқушылар сабақта отырған кезде асхананың терезелері ашылып, бөлме желдетіліп отыруы керек. Ережелердің орындалуын мектеп әкімшілігі қатаң қадағалайтын болады.

Сондай-ақ, Нұрлан Аймановтың сөзінше алдағы уақытта өңірге COVID-19-ға қарсы вакцинаның 80 мың дозасы әкелінбек. Екпе ең алдымен дәрігерлер мен мұғалімдерге егіледі деп айтылды.

Маржан Қасымбек