МТРА жаңалықтары

«Qyzyljar – Adaldyq alańy» азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізді

Тұрақтандыру қорынан жеткізілетін азық-түліктің бағасы қандай болуы керек? Бүгін «Qyzyljar – Adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің өкілдері Петропавлдағы сауда орындарының бірінде болып қайтты. Шара барысында мамандар халық ең көп тұтынатын тауарлардың құнын тексерді.

«Qyzyljar – Adaldyq alańy»-ның өкілдері Петропавлдағы сауда орталықтарының біріне келді. Бұл – «Aimer» супермаркеті. Мұнда бағаны тұрақтандыру қорындағы азық-түліктің барлығы сатылады. Мамандар алдымен кіреберістегі көкөністердің құнын білді. Айтуларынша, бағасы белгіленген мөлшерден аспайды.

Сәлімхан Сәбитов – «Qyzyljar – Adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Тұрғындар тарапынан ешқандай шағым түскен жоқ. Көкөністердің сапасы жақсы. Сондай-ақ, мұнда әр тауардың бірнеше түрі бар.

Мониторинг барысында мамандар әлеуметтік маңызы бар тауар түрлерінің барлығын жіті тексеріп шықты. Мәселен, 10 дана жұмыртқаның құны – 300 теңге, 1 литр сұйық май – 420, ал қарақұмықтың келісі 270 теңге тұрады екен. Тұрақтандыру қорынан жеткізілетін азық-түліктің бағасы бойынша ешқандай ескерту жасалмады.

Сәлімхан Сәбитов – «Qyzyljar – Adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Халық сұйық май мен жұмыртқаны тез сатып алып жатыр. Сапалары жақсы. Бірақ, кейбір жерлерде «Солтүстік» ӘКК белгісі жазылмаған. Мамандар бұл мәселені қазір тез арада шешеміз деді.

Сауда орындарында мониторинг жүргізіп тұру өте маңызды. Өйткені, Жаңа жыл қарсаңында мамандар бірнеше бұзушылықты анықтапты. Қаладағы кейбір дүкендерде бағаны негізсіз көтеру жағдайлары кездескен. Ал «Qyzyljar – Adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің өкілдері сауда нүктелерінің иелеріне ескерту жасаған.

Бердимурат Баймухан