Спорт

“Qulager” ХК ағымдағы жылдағы алғашқы ойында жеңіліс тапты

Құлагерлік хоккейшілер ағымдағы жылдағы алғашқы ойында жеңіліс тапты. Кеше жерлестеріміз сырт айдында қарағандылық “Сарыарқа” командасына есе жіберді.

Бұл матчта мұзға шайба тасталысымен айдын иелері басымдық танытты. Нәтижесінде олар кездесудің 12-ші минутында петропавлдықтардың қақпасынан саңылау тауып, есеп ашты. Көп ұзамай жерлестеріміз де шабуылды үдетті. Осылайша алғашқы периодтың соңында Федор Хорошев таразы басын теңестірді. Екінші периодта да қос команда өкілдері бір-бір шайбадан салды. Бір қызығы, бәсекенің соңғы кезеңінде де дәл осы сценарий қайталанды. Сөйтіп, ойынның негізгі бөлігі 3 те 3 есебімен аяқталды. Жеңімпазды анықтау үшін қарсыластар овертаймда күш сынасты. Бірақ, мұнда да мықты белгілі болмады. Ендігі кезек – буллит сериясында. Шешуші сында қарағандылықтардың бағы жанды. Қазіргі таңда солтүстікқазақстандық имек таяқ шеберлері турнирлік кестеде 7-ші орында тұр. Қоржында 45 ұпай бар.

Евгений Попитич – “Qulager” ХК шабуылшысы:

– Аздаған үзілістен кейін мұз айдынына қайта шықтық. Бапкеріміздің нұсқауын орындап, жақсы ойын өрнегін көрсеттік деп ойлаймын. Бірақ, бүгін қарсылас команданың жолы болды. Енді күш жинап, келесі матчқа дайындаламыз. Алдағы бәсекеде есе қайтару үшін барымызды саламыз.

 

Бердимурат Баймухан