Құқық қорғау органдары

Полиция қызметкері жүкті жолаушы әйелді босандырып алды

Солтүстікқазақстандық полиция қызметкері жүкті жолаушы әйелді босандырып алды.

Бұл оқиға қаңтардың 8-і күні М.Жұмабаев ауданына қарасты Хлеборобное селосындағы мектепте, нақтырақ айтсақ, сайлау учаскесінде орын алған. Оқиғаның мән-жайын баяндайық. Рощино селосында қызмет ететін фельдшер жүкті әйелді аудандық ауруханаға апара жатыпты. Жолда 34 жастағы әйелдің толғағы қысады. Осы сәтте маман  нәзікжандыны жақын маңайдағы елді мекенге жеткізіп, мектептегі жандардан көмек сұрайды. Қос келіншекке кезекшілік қызметтегі полиция капитаны Ольга Кангозина жәрдемдескен. Екеуі әйелді аман-есен босандырып алған.

Ольга Кангозина – М.Жұмабаев аудандық ПБ жедел уәкілі:

– Кешкі 6 жарым кезінде асхананың терезесін біреу тақылдатты. Есікті ашып қарап едім, жүкті әйелді байқадым. Кейін бірден жедел жәрдем қызметіне хабарластым. Бірақ, олар келгенше келіншектің босанатынын түсіндім. Сосын оны бірден жатқызып, өзіміз көмектесуге кірістік. Барлығы ойдағыдай аяқталды. Ана да, бала да аман.

Маржан Касымбек