Мәдениет

Облыстық кітапханада Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған көрме бастау алды

Қазақ хандығының құрылуы, Алашорда үкіметінің пайда болуы, әлем мойындаған мемлекет. Барлығы – кезең-кезеңімен. Бүгін Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған көрме бастау алды. Сондай-ақ, тұрғындар назарына  солтүстікқазақстандық суретші Александр Листопаднийдің картиналары ұсынылды.

Көрме 2 залдан тұрады. Алғашқысында Қазақ халқының шежірелі тарихынан сыр шертетін кітаптар орын тепкен. Мұнда 300-ден астам еңбек бар. Келушілер іздеген туындыларын оңай тауып алулары үшін құнды дүниелер кезеңдерге байланысты сөреге бөлініп қойылыпты.

Мария Шингурова – С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың бөлім жетекшісі:

– Тарихтан бөлек, біз бүгінгі көрмеге Тәуелсіздік жылдары ішінде елімізде орын алған оқиғалар мен жеткен жетістіктеріміз жазылған кітаптарды қойып отырмыз. Бір бөлім “Солтүстік Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында” деп аталады. Ол жердегі туындыларды парақтаған жандар біздің аймақта өмір есігін ашқан танымал тұлғалармен жақынырақ танысады.

Ал екінші залда мүлдем басқа көрініс. Мұндағы қабырғаларға жерлесіміз Александр Листопаднийдің суреттері қойылған. Бала кезінен бейнелеу өнеріне жаны құмар жерлесіміз өмір бойы сәулетші болып еңбек етіпті. Сүйікті ісін зейнетке шыққаннан кейін мықтап қолға алған. Алыстан көз тартар картиналарды қарап, автордың көркем табиғатты, тарихи орындарды, ғимараттарды қағаз бетіне түсіргенді ұнататынын аңғаруға болады. Қазіргі таңда өнер иесінің қылқаламынан туған 500-ден астам еңбегі бар екен. Соның 20 шақтысы бүгінгі көрмеге қойылып отыр.

Александр Листопадний – Қазақстан Республикасы Сәулетшілер одағының мүшесі:

– Мен қаламыздағы көркем ғимараттарды қағаз бетіне түсірмес бұрын біраз зерттеймін. Оның әр бұрышымен жіті танысып шығуға тырысамын. Және әрқашан қағаз бетінде қалай болар екен, көрермен қалай қабылдайды екен деген ой мазалайды. Жұртшылықтың, әсіресе, солтүстікқазақстандықтардың көзіне ерекше жылы болып көрінетін дүние шығару – басты мақсатым.

Талантты жерлесіміз өзін соңғы уақытта қазақ халқының көркем мәдениеті қызықтырып жүргенін айтты. Ол жуырда халқымыздың салт-дәстүрлерін, тұрмысын ақ қағазға бейнелеуді қолына алған екен. Кейбір туындылары әзір. Оларды көрмеге келіп, тамашалауға болады. Суретшінің көз қуантар дүниелерін келушілер жоғары бағалады.

– Картиналардың кәсіби түрде салынғаны бір қарағанда-ақ байқалады. Маған барлығы ұнады. Осындай көрмелер жиі өткізіліп тұрса деймін.

– Мен бүгінгі көрмедегі картиналармен танысып шықтым. Бәрі көңілімнен шықты. Жоғары деңгейде салынған. Шынымды айтсам, көңілім көтеріліп қалды.

Аталған көрме С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада жыл бойы өтеді.

Алтынай Қазиқан