Денсаулық сақтау

Кардиологиялық орталықта былтыр 30 жаңа операция жасалған

Кардиологиялық орталықта өткен жылы  өңір бойынша  алғаш рет  миға күрделі ота жасалды. Былтыр жүргізілген жаңа  операциялардың саны 30-ды құрайды. Орталық мамандары үнемі тәжірибелерін арттырып отырады. Өткен жылы елордалық ақ халаттылармен ақыл-кеңес алмасса, биыл мәскеулік мамандармен жүздесуді жоспарлап отыр.

Кардиологиялық орталықта былтыр мың жарым ота жасалса, соның 150-і ашық жүрекке жүргізіліпті. Сондай-ақ, 30 операция жаңа ота болып саналады. Орталық үнемі заманауи қондырғылармен толығып тұрады. Былтыр көктемде жеткізілген ангеографтың көмегімен өңірде алғаш рет миға күрделі ота жасалған. Операция сәтті өтті.
Ангеограф мидағы кеңейіп кеткен қан тамырларын дәл анықтайды, оларды қалыпқа келтіруде көмегі зор. Әрі қан айналымы бұзылған науқастарға диагностика мен операция жасауда да дәл осы аппарат қолданылады.

Асхат Молжігітов – облыстық көпбейінді аурухана бас дәрігерінің бірінші орынбасары:

– Сондай-ақ, өткен жылы 5 науқастың жүрек бұлшықетіне кардиовертер дефибрилляторын орнаттық. 15 адамға жатыр миомасы бойынша және қуықасты безіне ота жасалды. Қолқа және кеуде аневризмасы бар 2 тұрғынға стент-графт салып бердік. Ол дегеніміз – қолқаның саңылауын қалыпқа келтіретін түтікше.

Асхат Молжігіттің айтуынша аталған ота түрлері еліміздің тек 5 аймағында ғана жасалады екен. Бұл ретте жергілікті ақ халаттылар тәжірибелерін арттырып тұрады. Былтыр Петропавлға Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми медициналық орталығынан 5 білікті маман келіп, ота жасаудың қыр-сырын көрсеткен.

Асхат Молжігітов – облыстық көпбейінді аурухана бас дәрігерінің бірінші орынбасары:

– Жаңа операциялардың ерекшілігі – науқастар 2-3 күннен кейін қалыпқа келіп, бірден оңалтуға жіберіледі. Бастысы – ота тіліксіз жүзеге асырылады. Жалпы, орталықта кардиологиялықтан бөлек, гинекологиялық және урологиялық оталар да жасалады.

Алдағы уақытта кардиологиялық орталықтың дәрігерлері Мәскеулік мамандармен тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр.

Жана Бисенова