Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев: көне жер атауларын қайтару үрдісі жалғасады

Қаңтар айының 5-і күні Мемлекет басшысының “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласы жарық көргені мәлім. Құжатта Қасым-Жомарт Тоқаев жер мәселесіне кеңінен тоқталды.

Президенттің айтуынша, бабалардан мұра болған, шекарасы шегенделген қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Және тұлпардың тұяғы, құстың қанаты талатын атырап ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Мақаласында Мемлекет басшысы отандастарымызды қоршаған ортаға қамқор болуға да шақырады. Қазір адам қолынан асқар тауларымыз, айдын көлдеріміз, даламыз ластанып, жануарлар қырылып жатқаны жасырын емес. Қасым-Жомарт Тоқаев бұның алдын алып, жанашырлық таныту қажеттігін айтты. Көтерілген тағы бір мәселе – тарихи атауларды қайтару. Бұл бағытта біршама шаруа атқарылды. Алдағы уақытта да біраз іс тындырылмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– 2018 жылы Елбасының Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысына Түркістан атауы берілді. Тарихи әділдікті қалпына келтірген орынды шешімді халық бірауыздан қолдап, өте жылы қабылдады. Өйткені, мұндағы шежірелі шаһар ғана емес, тұтас өңір көне замандардан бері Түркістан деп аталған. Осы игі үрдісті еліміз бойынша жалғастыруға болады. Біз мұндай қадамдарды байыппен жасаймыз.

Култанов Байболат