Құқық қорғау органдары

Қаңғыбас жандар қабылдап-тарату орнына жеткізілуде

Петропавлдық полицейлер қаңғыбас жандарды үсіп қалмасы үшін қабылдап-тарату орнына жеткізуде. Үстіміздегі жылдың басынан тәртіп сақшылары бұл жерге 70-ке жуық адамды әкелген. Олар арнайы тексерістен өтеді. Өткен жылы араларынан іздеуде жүрген – 8 және із-түссіз жоғалған 2 тұлға анықталған екен.

– Сейчас морозы, как вы спасаетесь в морозы?

 – Водку пьем и в катакомбе живем, где тепло.

Кәріз құдықтары мен жылу құбырлары – олардың мекені осы. Қақаған қыста пана іздеген қаңғыбас жандар дәл осы жерлерге топтасады.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін тәртіп сақшылары қазір үйлері жоқ адамдарды іздеп тауып, түнеу орнына орналастырумен айналысуда. Айтуларынша, қаңғыбас жандарды қаланың орталық бөлігі мен вокзал аумағында кездестіруде. Үй-күйсіз жүргендер қабылдап-тарату орнына жеткізіледі. Кейін тиісті базалар мен есептер бойынша тексеріледі.

Адай Смайыл – Петропавл қаласы ПБ қабылдап-тарату орнының бастығы: 

– Күн сайын қызметкерлер сағат 16.00-ден 24.00-ге дейін үй-жайлары жоқ тұлғалардың паналайтын орындарын аралап, қабылдап-тарату орнына жеткізіп, есептер бойынша тексеріп, фото-бейне тіркеуге қойылады. Қажет болған жағдайда медициналық көмек көрсетіледі.

Үстіміздегі жылдың басынан қабылдап-тарату орнына тұрғылықты мекен-жайы жоқ 68 адам жеткізілген. Өткен жылы осындай жандардың арасынан іздеуде болған 8 және із-түссіз жоғалған 2 тұлға анықталыпты. Полицейлер қаңғыбас жандарды байқаған жағдайда қабылдап-тарату орнының кезекші бөліміне 52-92-99 немесе «102» нөміріне хабарласу қажеттігін айтады.

Данаш Хамзина