МТРА жаңалықтары

Сыбайлас жемқорлықпен бірлесіп күрес жүргізу жайында кездесу өтті

“Қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту”! Бүгін Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада осындай тақырыпта кездесу өтті. 3 департаменттің өкілдері бас қосқан жиында үстіміздегі жылы күшіне енген жаңа заң туралы айтылып, былтыр атқарылған жұмыс қорытындыланды.

Желтоқсан айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бармақ басты, көз қыстылықпен күресті күшейту жөніндегі жаңа заңға қол қойған болатын. Жиын барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы биылдан бастап енгізілген осы жаңашылдыққа тоқталды. Сөзінше, енді мемлекеттік қызметшілер парақорлыққа жол берсе, қатаң түрде жазаланбақ. Мәселен, ауыр және аса ауыр жемқорлық фактісі бойынша сотталғандар мерзімінен бұрын түрмеден босатылмайды. Осы орайда айта кетейік, жаңа заңда құқық қорғау органының өкілдері мен судьяларға арналған жеке бөлім де бар. Яғни, олар 50 АЕК, яғни 139 мың теңгеден төмен пара алса, бұл ауыр қылмыс жасады деп саналады.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Бұрын 50 АЕК төмен пара алғандар орта деңгейдегі қылмыс жасағандардың санатына жатқызылған еді. Жаңа заңға сәйкес, енді олар ауыр қылмыс жасағандармен бірдей жазаланатын болады. Яғни, құқық қорғау орган өкілдері мен судьялар 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ, заңбұзушылар мерзімінен бұрын түрмеден босатылмайды және қауіпсіздігі төмен қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне жіберу мүмкіндігінен айырылады.

Тағы бір тармақ ақшаларын шетелдік банктерде сақтайтын жандарға қатысты. Биылдан бастап Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілер мен Парламент депутаттары бұл мүмкіндіктен түгелдей айырылды. Ал жұмысқа енді орналасып жатқан немесе қызметтегі шенеуніктерге шетелдік қаржы ұйымдарындағы есепшоттарын жабу үшін 6 ай мерзім беріледі.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Егер мемлекеттік қызметкер шет елде оқып, жұмыс істеп, өндірістік тәжірибеден өтіп немесе емделіп жүрген болса, оған шетелдік банкте шот ашуға болады. Сондай-ақ, шотын жапқысы келмейтін, бірақ мемлекеттік қызметтен шыққысы келетін жандар да бар. Осы орайда олар өз қалауларымен жұмыстан босатылуы туралы арыз жаза алады.

Шара барысында үш департаменттің бірлесе атқарған жұмыстары жайлы сөз қозғалды. Олар: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, облыстық мемлекеттік кірістер және экономикалық тергеулер департаменттері. Мамандар өзара парақорлыққа қарсы күрес аясында жүргізген тәжірибелерін айтып, өткен жылды қорытындылады.

Темірлан Шонаев – СҚО бойынша экономикалық тергеулер департаментінің басшысы:

– Шағын және орта бизнеске мемлекеттік органдардың заңсыз араласуын жою үшін біз бірқатар шараларды күшейттік. Сондай-ақ, сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімін тіркеу жұмыстарын қатаңдаттық. Тағы, қазіргі күні департаментке түскен арыздарды жедел-тергеу бөлімі бірден қарамайды. Бұл жұмысқа бекітілген арнайы кезекші офицерлер бар. Жан-жақты жүргізілген жұмыстарға байланысты былтыр қаралған істердің 80 пайызы процессуалдық шешімін тапты.

Жалпы, былтыр өңіріміздегі мемлекеттік мекемелерге сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында 35 ұсыным жіберіліп, айыпты 48 адам қызметінен босатылған екен.

Бердимурат Баймухан