МТРА жаңалықтары

СҚО-да телевизиялық хабар тарату жүйесі цифрлық форматқа ауысады

Айқын бейне, сапалы дыбыс. Ақпанның 1-інен бастап өңіріміздегі телевизиялық хабар тарату жүйесі цифрлық форматқа ауысады. Аналогтан сандық форматқа көшу “Цифрлы Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Аналогтық хабар таратудан бас тартып, толықтай цифрлық форматқа ауысу. Енді өңір тұрғындарының 98 пайызы, яғни 617 елді мекен халқы отандық телеарналарды сандық жүйеде тамашалай алады. Ол үшін облыс аумағында 42 радиотелевизиялық станция орнатылған.

Дәурен Самұратов – “Қазтелерадио” АҚ СҚО радиохабар тарату дирекциясы филиалының бас инженері:

– Цифрлық станциялар облыс пен аудан орталықтарында ғана емес, шағын елді мекендерде де орналасқан. Қазір жаңа станциялар соңғы тексеріс жұмыстарынан өтіп, қаңтар айында толығымен цифрлық хабар таратуға көшеді.

Цифрлық форматтың аналогтық хабар таратудан басты артықшылығы – сапалы дыбыс пен бейне екендігі түсінікті. Бұдан бөлек, мамандар тағы бір ерекшеліктерді айта кеткен жөн дейді. Олар: арналардың сантүрлілігі мен сигнал тарату жылдамдығының артуы. “Қазтелерадио” өкілдерінің айтуынша, аналогтық хабар тарату – көнерген дүние. Сондықтан, ол 1-ші ақпан күні өңір аумағында қолданыстан шығарылады.

Олег Гордиенко – “Қазтелерадио” АҚ СҚО радиохабар тарату дирекциясы филиалы директорының міндетін атқарушы:

– Аналогтық форматта хабар нашар таратылады әрі кейде мүлдем жоғалып кетеді. Және аналогтық желі бір таратқыш-бір арна принципімен жұмыс істейтін. Ал “Digital” форматына көшу бір таратқышта 15 шақты арнаны трансляциялауға мүмкіндік береді. Ең бастысы ешқандай төлем жасалмайды. Қазір қала тұрғындары 20-дан астам, ал аудан халқы 10 отандық арнаны абоненттік төлемақысыз тамашалауда.

Сандық форматқа ауысу үшін теледидарда “DVВ-T2” стандарты болуы керек. Егер мұндай құрылғы болмаса, онда абоненттік жабдықты тұрғындар қаладағы кез келген дүкеннен сатып ала алады.  

Казиканова Алтынай