Білім

СҚО-да 34 мыңнан астам мектеп оқушысы штаттық режимде білім алуда

Оқу жылының 3-ші тоқсаны бастау алды. Қазір облыста 416 мектеп оқушыларды толық көлемде қабылдауда. Яғни, бала саны 300-ден аспайтын білім ұяларының мұғалімдері  барлық сыныптарды офлайн форматында оқытып жатыр. Өңір бойынша мұндай шәкірттердің саны 34 мыңнан асады. Ал қалған 10 мың бала мұғалімдермен онлайн байланысуда.

– Мектепті сағындың ба?
– Иә, әрине сағындым.
– Сағындым! Қашықтықтан оқыту ол бізге сай емес.

Балалардың айтуынша қалай дегенмен де мұғалімнің алдында отырып білім алғанға жетпейді. Өйткені, қашықтықтан оқудың өзіне бір машық керек дейді.

Жансерік Досымов – Ж.Тәшенов атындағы №20 орта мектебінің оқушысы:

– Ол бізге сәл қиындау. Мониторингтің алдында аздап түсініксіз болды.

Жағдайға тәуелділік адамды біраз әбігерге салады. Телефон немесе компьютер сынып қалуы мүмкін, интернет жұмыс істемей, тіпті, жарықтың өшіп қалуы да ғажап емес.
Салдары – жаңа тақырып танылмай қалуы мүмкін. Жансерік Досымов 11-ші сыныпта оқиды. Оған әр тақырыпты егжей-тегжейлі түсініп, қосымша сұрақтар қойып, ұстазбен пікір алмасу қажет. Өйткені, биыл ҰБТ тапсырады. Тәртіп сақшысы болуды армандайтын жасөспірім енді тестті ойдағыдай тапсыратынына сенімді.

Жансерік Досымов – Ж.Тәшенов атындағы № 20 орта мектебінің оқушысы:

– Қорқыныш болды. Кейбір тақырыпты түсінбедім. Интернеттен қарап оқуға тырыстым. Қазір мектепке оралдық. Өте қуаныштымын. Мұғалімді өмірде көргенмен, мониторингта көрген бір бөлек.

9-шы сынып оқушылары да осымен 2-ші күн алтын ұя – мектептерінде өз орнында отырып білім алып жатыр. Сабақ кестесі бойынша – әдебиет. Тұғыры биік тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын оқуды Жанеля ерекше ұнатады. Алайда, сүйікті сабағын үйде отырып өзі меңгере алғанмен, өзге пәндерді тереңірек оқу үшін мұғалімнің демеуі керек.

Жанеля Алибаева – Ж.Тәшенов атындағы №20 орта мектебінің оқушысы:

– Алгебра, геометрия, биология сол қиын пәндерді түсінбедім. П: 103, 00:29 Ауылда интернет дұрыс ұстаған жоқ. Сондықтан, қиын болды.

Төтенше жағдай, ұзаққа созылған карантин. Өткен жылдың наурызынан бері қарай есептесек, оқушылардың дені оқу жылының 6 ай-дан астамын смартфон мен компьютерге қарап өткізген екен. Сабақ тікелей байланыста оқылды, тапсырма ватсап арқылы жіберілді.

Гүлбақыт Қанафина – Ж.Тәшенов атындағы №20 орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі:


– Мектепте екінші күн сабақ өтудеміз. Қиындықтар туындып жатыр. Дегенмен, оқушылар сабақ тәртібін біледі. Білімді тез игеріп алуда. Өзіміздің белгілі бір тақырыптар төңірегінде сабақ өтудеміз
.

Мектепке оралған жоғарғы сынып оқушыларының да, мұғалімдердің де қуанышында шек жоқ. Десе де, санитарлық талаптар қатаң сақталуы шарт.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Босаңсуға ерте. Себебі, елді жайлаған індет әлі де қауіп төндіріп тұр. Сондықтан, әр қабатқа қауіпсіздік ережелерін еске салатын мынадай плакаттар мен антисептик қойылған. Ұл-қыздар әр сабақ сайын осында келіп, қолдарын арнайы сұйықтықпен өңдейді. Ал сабақ өткен бөлме залалсыздандырылады. Ең бастысы шәкірттер нысан ішінде маскамен журуі қажет.

Гүлім Хамзина – Ж.Тәшенов атындағы №20 орта мектебі директорының міндетін атқарушы:


– Штаттық режимде ұйымдастырылып отырған сабақтарға қатысатын оқушыларға санитарлық талаптар қойылып отыр. Әр сыныптың сабақ кестесін ыңғайлы етіп өзгерттік. Яғни, 10-11-шы сынып оқушылары 8-де келсе, 8-9 сыныптардың сабағы 8:15-те басталады.

Алдағы күндері асханаға қатысты мәселе де шешімін таппақ. Ас ішуге арналған бөлме толығымен дайын, тек санитар мамандардың рұқсаты ғана керек. Жалпы, Ж.Тәшенов атындағы №20 орта мектебінде 272 оқушы білім алады. Ұл-қыздардың жартысынан көбі жоғарғы сыныптарда оқиды.  

Маржан Касымбек