МТРА жаңалықтары

24 млн теңгеге жуық қаржы жымқырған бухгалтер сотталды

Аты шулы оқиғаға нүкте қойылды. Петропавл қалалық соты бокстан олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің бас бухгалтеріне қатысты үкім шығарды.

Оқиғаның жай-жапсарын толығырақ баяндайық. Есепші 2017 жылдың маусымынан бастап 2020 жылдың ақпан айына дейін қызметтік өкілеттілігін пайдаланып, өзіне бақандай 23 млн 781 мың теңге бюджет қаржысын негізсіз аударып келген. Ол, тіпті, мекеме басшылығы – Әбдірахманов пен Жақияновтың электрондық-цифрлық қолтаңбасымен бекітілген электрондық төлем шоттарын пайдаланған. Ал оның осындай қитұрқы әрекет жасап жүргенін бұл азаматтар білмеген.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Петропавл қалалық сотының үкімімен бас бухгалтер 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейтін болады. Облыстық сот бұл үкімді өзгеріссіз қалдырды. Біз өз кезегімізде қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін және ведомстволық бақылаудың жоқтығы үшін Дене шынықтыру және спорт басқармасына мекеме басшылығына қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолдануды ұсындық. 

Алдияр Айтпаев