Құқық қорғау органдары

Жанар-жағармай құю станциясын тонаған петропавлдық ұсталды

Облыс орталығындағы автожанар-жағармай құю станциясының терезесін сындырып кіріп, 40 мың теңгені қалтасына басқан. Осындай күдікпен 36 жастағы петропавлдық ұсталды. Жергілікті полицейлер қаскөйді бейнебақылау камераларының көмегімен қолға түсірген екен.

Осыдан бір апта бұрын Петропавлдағы Әуезов көшесінің бойында орналасқан автожанар-жағармай құю станцияларының бірінде тонау фактісі тіркелді. Бәз біреу түн ішінде нысанның терезесін сындырып, ішке кіріпті. Осы сәтте өне бойын үрей билеген кассир жасырынып үлгерген екен. Ал күдікті 40 мың теңгені алып, ізін суытқан. Диспетчер полицейлерге түнгі 1 жарымда хабар берген. Мамандар ақпарды ала сала, іздеу шарасын бастайды.

Петр Климов – СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы:

– Жедел тінту іс-шарасының барысында жалдамалы пәтерде тұрып жатқан, бұрын сотты болған петропавлдық ұсталды.

Күдікті ұсталған кезде масаң күйде болыпты. Ол – 1984-ші жылы туған Петропавл қаласының тұрғыны. Заң бұзушы бірден уақытша ұстау изоляторына жеткізіліпті.

Аталған фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы, 3-бөлігі бойынша іс қозғалды. Күдіктінің кінәсі толық дәлелденсе, ол 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Казиканова Алтынай