Аптадағы маңызды жаңалықтар

Сайлаудың алдын ала қорытындысы жарияланды

Өлкедегі сайлаудың алдын ала қорытындысы! Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында брифинг өтті. Шарада облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерболат Бекшенов қолда бар ақпаратпен бөлісті. Сөзінше, кеше Солтүстік Қазақстандағы дауыс берушілердің 75,5 пайызы таңдау жасаған. Мұның нәтижесінде аймағымыз ел ішінде көшбасынан көрінді.

Кеше облыс орталығында, аудандардада таңмен таласа тұрған солтүстікқазақстандықтар дауыс беруге ағылды. Сағат 7-ден бастау алған шараға қарттардан тартып, жастарға дейін белсене ат салысты. Бәрінің мақсаты бір: Ел болашағы үшін дұрыс таңдау жасау. Кешкі 8-де сайлау аяқталды. Қазір әр адам орталық сайлау комиссиясының қорытынды шешімін асыға күтіп отыр. Барлығы өзі сенген партия жеңіске жетсе екен деп үміттенеді.

– Кеше барып таңдауымды жасадым. Өзім ауылдан болған соң «Ауыл» партиясын таңдадым.

– Сайлаудың нәтижесін тағатсыздана күтіп жүрмін. Мен таңдаған партия жеңіске жетеді деген сенімдемін.

– Мен дауысымды «Nur Otan»-ға бердім. Ол жеңеді деп ойлаймын. Өйткені, «Nur Otan» – еліміздің көшбасшы партиясы. Және көпшілікке бұрыннан таныс.

Осы орайда мынадай статистикаға тоқтала кетейік. Өңірімізде сайлаушылар тізімі 399 мың 370 адамнан тұрыпты. Кеше сол жандардың 301 мыңнан астамы конституциялық құқығын пайдаланып, өз таңдауын жасады. Яғни, аймағымыздағы сайлаушылардың 75,5 пайызы саяси додаға қатысты. Осылайша Солтүстік Қазақстан облысы дауыс берушілердің саны бойынша елімізде бірінші орыннан көрінді.

Ерболат Бекшенов – СҚО сайлау комиссиясының төрағасы:

– 2021 жылы 10 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депуттатарының сайлауы өтті. СҚО-да сайлауға қатысу 75,53 пайызды құрады. Қалалық және аудандың сайлау комиссияларының алдын ала деректері бойынша, дауыстар төмендегідей бөлінді: Айыртау ауданы “Nur Otan” партиясы – 77,15 пайыз, “Ауыл” халықтық демократиялық патроиоттық партиясы – 9,81 пайыз, “AQ JOL” демократиялық партиясы – 10,26 пайыз, “ADAL” саяси партиясы – 2,18 пайыз.

Толық қорытынды әлі шыққан жоқ. Брифинг барысында Ерболат Бекшенов тек қоғамның пікіріне сүйене отыра алдын ала жарияланған нәтижені баян етті. Болжам бойынша солтүстікқазақстандықтардың басым бөлігі «Nur Otan» партиясын таңдаған екен. Яғни, орташа есеппен дауыс берушілердің 80 пайызға жуығы бюллетеньде еліміздің көшбасшы партиясын белгілеген.

Ерболат Бекшенов – СҚО сайлау комиссиясының төрағасы:

– СҚО бойынша облыс мәслихаттарының депуттаттығына дауыс осылай бөлінді. “Nur Otan” – 78,13 пайыз, “Ауыл” халықтық демократиялық патроиоттық партиясы – 8,64 пайыз, “AQ JOL” демократиялық партиясы – 10,48 пайыз, “ADAL” саяси партиясы 2,71 пайыз дауыс жинады. Соңғы деректердің барлығы есептелінуден кейін жарияланады.

Айта кетейік, саяси доданың нақты қорытындысы қаңтар айының 17-сі күні жарияланады.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан