Спорт

Петропавлда 120-ға жуық жеткіншек шорт-трекпен айналысады

Мұз үстінде желдей жүйткіген жеткіншектер. Петропавлда осыдан 3 жыл бұрын шорт-трек үйірмесі ашылды. Қазір бұл бағыт бойынша 120-ға жуық бала жаттығып жүр. Араларында түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарғандары да бар. Жас спортшылармен арна тілшілері кездесіп, алдағы жоспарларын біліп қайтты.

Жылдамдық, ептілік пен еңбек! Қазіргі таңда қаламыздағы Винокуров спорт сарайында аталған қасиеттерді бойға сіңірген ұл-қыздар шеберліктерін шыңдап жатыр. Мұз айдынында – “А”, “Б” және “С” тобы. Алғашқысында 12-14 жастағы балалар болса, соңғысында – 5-6-дағы жеткіншектер. Ары-бері зулаған жастардың аяқтарындағы коньки көзге оттай басылады. Спорттық жабдықтың астыңғы темірі ұзын әрі пышақтай өткір екен. Сырғанаған сәтте құлақ тұнатын дауыс шығады.

Көптің арасында желдей жүйткіп Кирилл Абишев те жүр. Бастапқыда жеткіншек сырғанамақ түгіл конькиде дұрыс тұра алмапты. Үнемі құлай бердім дейді. Сырғанаудың қыр-сырын 1 айдан соң ғана кәдімгідей меңгере бастаған. Қазір Кирилл – облыстың үздік шорт-трекшілерінің бірі.

Кирилл Абишев – шорт-трекші:

– Мен бұл спорт түріне осыдан 3 жыл бұрын келдім. Бір күні мектепте мамандар болып, қаламызда шорт-трек үйірмесі ашылғандығы жайлы жаднама қағаз тартты. Сол сәтте бірден қызығушылық оянды. Осында келіп, жаттығуды бастап кеттім. Шыны керек, қанша талпынсам да бастапқыда түк шықпады. Жаттықтырушымның ақыл-кеңесінің және өзімнің табандылығымның арқасында біраз дүние үйрендім. Түрлі деңгейдегі жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп жүрмін. Осы спортты таңдағаныма еш өкінбеймін.

Кириллдің жеткен жетістіктерін айта кетейік. Жерлесіміз – облыстық деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы және ел чемпионатының жүлдегері. Жақында қатарластарымен бірге Қостанай қаласында өтетін оқу-жаттығу жиынына аттанбақ. Жалпы, көршілес өңірге 10 солтүстікқазақстандық бармақшы. Олар қазір аптасына 6 күн жаттығып жүр. Жеткіншектерге 4 маман тәлім беруде.

Федор Андреев – шорт-тректен облыс құрамасының аға жаттықтырушы:

 – Қызу дайындық үстіндеміз. Қостанайдағы оқу-жаттығу жиынында балалар шеберліктерін шыңдап қана қоймайды, Қазақстан Республикасының кубогына жолдаманы сарапқа салады. Яғни, додаға қатысатын үздіктер іріктеледі. Жалпы, біздің өңірде шорт-трект үйірмесі 3 бұрын ашылса да жақсы қарқынмен даму үстінде. Бүгінде Петропавлда осы спорт түрімен 120-ға жуық ұл-қыз айналысады. Араларында талантты, еңбекқор жастар жетерлік.

Федор Андреевтің сөзінше, шорт-трек баланы жылдамдыққа, ептілікке және төзімділікке баулиды. Оның үстіне денсаулықты нығайтады. Сөз соңында айта кетейік, елордада жалауын желбірететін жарыс қаңтар айның соңына жоспарланған.

Алдияр Айтпаев