Қоғам

Қалада қар тазалау жұмыстары қызу жүріп жатыр

Соңғы екі күн бойы Петропавлда толассыз қар жауды. Мамандардың айтуынша, сенбі-жексенбіде жауған қардың көлемі  онкүндік нормадан асып түскен! Қазір қалада қар тазалау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұл іске 10-нан астам серіктестік жауапты.

Сағат таңғы 9. Айнала – аппақ қар. Жаяу жүргіншілерге аяқ алып жүру біраз қиындық туғызады. Бұл уақытта таңмен таласа тұрған коммуналдық қызметкерлер тынымсыз еңбек етіп жатыр. Бір бөлігі қолдарына күрек-сыпырғыш алып, айналаны тазартса, екінші жартысы арнайы техниканың көмегіне жүгінген.

Жұмыстың басым бөлігі түнгі сағат 10-нан таңғы 10-ға дейін жүргізіледі. Себебі, күндізгі уақытта әрлі-берлі зулаған көліктер арнайы техниканың қозғалысына кедергі келтіреді. Жаңа ғана аталған аралықта қара тазаланып қана қоймайды, қала көшелеріне тұз-құм қоспасы себіледі. Мақсат – тұрғындардың емін-еркін жүріп-тұруларын қамтамасыз ету. Атқарылып жатқан жұмысқа жергілікті тұрғындар қандай баға береді екен?

– Таңертең ерте тұрғанда айнала таза болып тұрады. Мамандардың жұмысына ризамыз.

– Бүгін қалаға Бескөлден келдім. Жолды таңғы 3-5-тен тазалау керек деп ойлаймын. Ал жұмыскерлер халық жұмысқа бара жатқанада жұмыс істеп жатыр.

 – Менің үйімнің ауласын таңғы 5-тен жинайды. Далаға шыққанда ауладағы қар тазаланып тұрады. Жұмыстарына дән ризамын.

Жалпы, қаланы ақ ұлпадан тазартуға және оны шаһар сыртына шығаруға 14 кәсіпорын жауапты. Қар жауған күні олардың 100-ге тарта техникасы іске кіріседі. Мына трактордың рөлінде – Иван Давыденко. Ол таңғы 6-дан бері тер төгуде.

Иван Давыденко – тракторшы:

– Мен Конституция көшесі мен орталық саябаққа жауаптымын. Яғни, осы аумақтағы қарды тазалаймын. Негізі, 8 сағат еңбек етеміз. Алайда, қар көп түссе, жұмыс уақыты біршама артады. Жергілікті халық біздің жүруімізге кедергі жасайсыздар деп наразылықтарын білдіріп жатады. Ісімізге түсіністікпен қарауды сұраймыз. Біздің мақсатымыз – сіздердің жүріп-тұруларыңызға қолайлы жағдай жасау.

Ескерер жәйт, көшедегі қардың бәрін бірдей техниканың көмегімен тазалау мүмкін емес. Себебі, арнайы көліктер кіре алмайтын түкпірлер бар. Ондай аумақтардағы ақ ұлпаны 140 жұмысшы күрекпен тазалайды.

Валерий Акохов – серіктестік жұмысшысы:

– Биыл қар көп жауды. Сәйкесінше, жұмыс көлемі де артты. Дегенмен, біз ісімізге зор жауапкершілікпен қарап, қызметімізді адал атқарып жатырмыз. Суық күндері жылы киініп, көп қимылдауға тырысамыз. Күніне 8 сағат еңбек етеміз. Жұмысымыз күнде таңғы 6-7-де басталады.

Айта кеткен жөн, қар тазалау жұмыстары қаланың барлық ауданында бір уақытта жүргізіледі. Себебі, әр кәсіпорынның жұмысшылары өздеріне белгіленген аумақтағы ақ ұлпаны жинап, сыртқа шығарады.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Бізде қала 10 аймаққа бөлінген. Осы орайда әр мекеме өз учаскесіне жауапты. Соңғы екі күнде қар көп жауды. Мекемелер жұмысты рет-ретімен атқаратын болады. Тұрғындар бізге әлеуметтк желі немесе тікелей әкімдікке келіп, хабарласа алады. Не болмаса, 109 нөміріне арқылы “iKomek” колл-орталығына қоңырау шалсаңыз болады. Кейін, халықтың шағымдарын мердігерлерге жеткізетін боламыз.

Еске сала кетейік, қала бойынша қар тазалау жұмыстары қараша айынан бері жүріп жатыр. Бүгінге дейін облыс орталығынан 35 мың текше метр қар сыртқа шығарылған.

 

 

 

Бисенова Жанна