Құқық қорғау органдары

Жолда қалған жандарға жәрдем берді

Жолда қалған жандарға жәрдем берді! Солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары қақаған қыста көліктері сынып, діттеген жерлеріне жете алмай тұрған бірнеше адамға қолғабыс етті. Көмек көрсетілген жолаушылардың арасында аналар мен балалар да бар. Өңір аумағында орын алған оқиғаларды әріптесім Жанна Бисенова жіпке тізсін.

Өткен жексенбі күні 2 әйел мен 5 бала Сергеевкадан Петропавлға көлікпен келе жатады. Алайда, машина Новоникольское елді мекенінің маңында сынып, тоқтап қалады. Темір тұлпардың істен шығуына -34 градустық аяз себепші болса керек. Қуанышқа орай, жерлестерімізге кезекшілікте жүрген тәртіп сақшылары жәрдемдесті. Олар Новоникольское селосынан көмек шақыртып, «ВАЗ 2110» маркалы автомобильді оталдырған. Нәтижесінде көліктегілердің барлығы үйлеріне жетеді.

Қақаған аязда жеңіл көлікпен қатар, таудай темір тұлпарлар да орта жолда қалып жатыр. Мәселен, мына машина Петропавл маңында істен шығыпты. Оған қоса жанар-жағармайы да таусылып қалыпты. Абырой болғанда, бұл жүргізушіге де полицейлер көмектесті. Олар дизель отынын әкеліп, машинаны оталдыруға қолғабыс еткен.

– Еще, еще, сильней, сильней! – Давай, давай, давай, еще, еще.

Ал бұл видеоны «Челябі-Новосібір» тас жолында түн ішінде келе жатқан ресейліктер желіге жүктеген. «Hyundai» маркалы автокөліктегі
2 азамат Омбыға бет алған екен. Бірақ, орта жолда бұлардың да машиналары сынып қалған. Апаттық дабыл қаққышты байқаған жергілікті полицейлер азаматтарға қол ұшын созған.

– ГИБДД Северо-Казахстанской области в лютый мороз помогают нам, не дают замерзнуть на дороге. Машина сломалась – тащут на заправку. Россиянам помогают. При первом обращении – с первого раза откликнулись на помощью.

Өңірімізде полицейлердің жұмысы қысқы уақытта қызатыны жасырын емес. Мақсат – жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көмекке мұқтаж жүргізушілер мен тұрғындарға көмек көрсету. Өз кезектерінде тәртіп сақшылары ағайынды аязды күндері жолға шықпауға, сапарға шыққан жағдайда
сақ болуға шақырады.

Манарбек Молдыбаев СҚО ПД ППБ командирінің орынбасары:

– Қала сыртындағы жолдарда кезекшілік атқаратын қызметкерлерге таңертең ерекше бағдарлар беріледі. Оларға жолда көліктерінен ақау шығып қалған жүргізушілерге, жолаушыларға көмек көрсету қажет екендігі айтылады. Ауа райы суытқан кезде, әсіресе, аязда жүргізушілерге үлкен көмек қажет. Біреуді кейде тіркеуге алу керек болады, тағы бір адамдарды ауруханаға жеткізу қажет болып жатады. Жол үстінде кей азаматтар тоқтамай өтіп кетеді.

Жалпы, қазіргі таңда облыс жолдарында 15 автопатруль 24 сағат бойы кезекшілік атқарып жатыр.

Жанна Бисенова