Қоғам

Қызылжар ауданындағы Дубровное селосына су тартылды

Алыстан тіршілік көзін тасыған күндер артта қалды! Жаңа жыл қарсаңында Қызылжар ауданындағы Дубровное селосына көптен күткен таза ауыз су жетті. Тіршілік көзі елді мекенге Соколов топтық су құбырынан тартылды. Бүгінде ауылдағы тұрғындардың басым көпшілігі суды үйлеріне дейін кіргізіп алған.

Нина Брюхова Қызылжар ауданына қарасты Дубровное селосына 1985 жылы көшіп келген. Нәзікжандының айтуынша, қоныс аударған шақта елді мекенде су болыпты. Алайда, 90-шы жылдардың басында Кеңес Одағы ыдырап, тұрғындар тіршілік көзінен қағылған. Содан кейін ауылдағы ағайын ауыз судың тапшылығын молынан сезген. Жерлестеріміздің бірі өзен суын пайдаланса, енді бірі тіршілік көзін 8 шақырым жерде орналасқан Налобин селосынан тасыған. Қазір бұл қиындықтың бәрі артта қалды.

Жергілікті билік осылайша Жаңа жыл қарсаңында ауылдағы ағайынға үлкен сыйлық жасады. Яғни көше бойлай құбыр жүргізілген, ал әр тұрғын оған тағы бір сала жалғап, өз баспанасына өткізіп алған.

Нина Брюхова – Дубровное селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

–  Жаңа жыл қарсаңында біздің ауылға су келді. Бәріміз бөркімізді аспанға атып қуандық. Себебі, біраз жылдардан бері ауыз су тапшылығын тарттық. Тіршілік нәрі үйге өткізілген сәтте ең алдымен автоматты кір жуу машинасын сатып алдым. Енді су тасудың қажеті жоқ. 1 текше метр су үшін небәрі 200 теңге төлейтін боламыз. Бұрындары 1 фләкқа 100 теңге беріп жүрдік.

Светлана Белоногованың да қуанышында шек жоқ. Зейнеткер су құбыры тартылады дегенді естіп, бірден тіршілік нәрін баспанасына өткізіпті және қол мен ыдыс-аяқ жуғыш орнатып алыпты.

Светлана Белоногова – Дубровное селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Көптен күткен ауыз су үйімізге дейін жеткеніне өте қуаныштымыз. Енді алдағы уақытта су жылытатын титан орнататын боламын. Бұл игі іс үшін Дубровное селосының тұрғындарының атынан билік өкілдеріне шексіз алғысымызды білдіреміз.

Ауылдағы мектептің 50 жылдық тарихы бар. Бүгінге дейін су мәселесі өзекті болып келіпті. Сондықтан, осыдан 2 жыл бұрын ғимараттың жанынан ұңғыма қазылған. Алайда, ондағы су тұзды болып шығып, құбырларды шірітіп жіберген екен. Мәселе шешімін тапты. Енді үйлерден бөлек, селодағы мектеп те орталықтандырылған су жүйесіне қосылды.

Ольга Поливанова – Дубровное негізгі мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:

– Су жақсы ағып тұр. Мектепте 25 оқушы білім алады. Олардың барлығы штатты режимде оқиды.

Жалпы, Қызылжар ауданына қарасты Налобин ауылдық округінің құрамына 4 село кіреді. Соның бірі – Дубровное. Бүгінде елді мекенде 65 тұрғын үй бар. Соның 58-інің ішіне таза ауыз су барып тұр.

Людмила Малкова – Налобин ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Соңғы 2 жылда біздің ауылдық округте көптеген оң өзгерістер орын алуда. Көшелерге жарық шамдар орнатылды, жолдар жөнделіп жатыр. Өткен жылы Гайдуково селосындағы су құбыры жөндеуден өтті. Міне, жақында Дубровное елді мекеніне де көптен күткен су тартылды. Игі бастамалар биыл да жалғасын таппақ.

Ауылдағы ағайынның ендігі арманы – елді мекенге сапалы интернет қажет.
Айта кетейік, биыл Қызылжар ауданындағы 16 елді мекенге су құбыры тартылмақ. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 5,7 млрд қаражат бөлінген.

Дана Сәлімқызы