МТРА жаңалықтары

Көпбалалы отбасыларға көмек көрсетілмек

“Nur Otan” партиясы атынан кандидаттар қаладағы пәтерлерге бас сұғып, үгіт-насихат жұмыстарын өткізуде. Олар кеше де әдеттегі салттан жаңылмай, Сүтішев көшесінің бойындағы баспаналарға келді. Пәтер иелерінің бірі – 86 жастағы Анастасия Кувшинова.

Анастасия Кувшинова – қала тұрғыны:

– Жалпы, өз басым “Nur Otan” партиясының бағдарламасымен танысып шықтым. Ол жерде барлық мәселе қарастырылған.

Қалалық мәслихат депутаттығына “Nur Otan” партиясы атынан үміткер Алла Кувшинованың бағдарламасы жастарды қолдауға бағытталған. Нақтырақ айтсақ, ұл-қыздардың тәрбиесі мен олардың бойында патриоттық сезімді арттыру – кандидаттың басты мақсаты.

Алла Кувшинова – қалалық мәслихат депутаттығына “Nur Otan” партиясы атынан үміткер:

– “Nur Otan” партиясының сайлауалды бағдарламасы еліміздің жарқын болашағына арналған. Қазір отбасылардың ішінде өзара түсініспеушіліктің жиілегені баршамызға мәлім. Сондықтан, мен үшін тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес басты бағыт болып табылады. Мұндай проблеманың біздің елде деңгейін түсіру үшін бірталай жұмыстар атқаруды көздеп отырмыз.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мен қариялардың жағдайы да нұротандықтардың назарында.

Рашбиль Евдаев – қалалық мәслихат депутаттығына “Nur Otan” партиясы атынан үміткер:

– Негізінен, барлығы өз қолымызда. Егер отандастарымыз бір-біріне әр уақытта көмек қолын созса, онда еліміз берік болмақ. Сол себепті, қарт адамдар мен көпбалалы отбасылардың мәселесін шешуді басты назарға алып отырмын. Жуырда маған 90 жастағы қария моншасының шатыры бұзылып қалғанын айтты. Біз жаңасын салып бердік. Өз тарапымнан мұндай көмек алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Осы уақытқа дейін үміткерлер қаладағы біраз нысанға барып, ауыл-аймақты аралады. Тұрғындармен жүздесіп, сайлауалды бағдарламаларын түсіндірді, сұрақтарына жауап берді.

Казиканова Алтынай