МТРА жаңалықтары

“Есіктен есікке” акциясы жалғасуда

Нұротандықтар «Есіктен есікке» акциясын жалғастыруда. Бүгін қалалық мәслихат депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан үміткер Галина Семёнова Абай көшесінің бойында орналасқан баспаналардың біріне келді. Мұнда кандидат жерлестерімізді өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, дауыс беруге шақырды.

Акцияның басты мақсаты тұрғындарды дауыс беруге шақыру ғана емес. Кандидат жүздесу барысында азаматтардың көкейіндегі сұрақтарға жауап беріп, толғандырған мәселелерін түртіп алды. Мәселен, Вера Бородина есімді зейнеткер дәрі-дәрмектің құны төмендесе дейді. Сондай-ақ, ауласына балалар алаңқайын тұрғызуды сұрады.

Вера Бородина – қала тұрғыны:

– Ауламыз өте үлкен. Мұнда жаз мезгілінде кішкентай ұл-қыздар көп жүреді. Егер халық қалаулысы атанып жатсаңыз, осында балалар-ойын алаңқайы мен спорт алаңын салуға көмектессеңіз деймін. Тиісті шаруа атқарылса, мен сияқты зейнеткерлер де аулаға шығып, тренажерлердің көмегімен бой жазатын еді.

Галина Семёнова пәтерлерден бөлек, дүкендерге де бас сұқты. Сонымен қатар, көшедегі халықпен де жүздесіп, шақырту қағазын таратты.

Галина Семёнова – қалалық мәслихат депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан үміткер:

–  Үгіт-насихат қағазын тарата жүріп, біз халыққа қоғамдағы өзекті мәселелерді айтудамыз. Сондақ-ақ, тұрғындардың да өтініштерін жазып алып жатырмыз. Адамдардың бұйымтайлары партияның алға қойған жоспарын арттыра түседі. Өзіме түскен өтініштерді тілге тиек етейін. Мен тілдескен қалалықтардың дені көшені жарықтандыру мен балалар алаңқайын салуды сұрады.

Облысымызда “Есіктен есікке” акциясы желтоқсанның 10-ы күні басталған болатын. Бүгінге дейін кандидаттар өңір аумағындағы жүздеген баспананы аралап, жерлестерімізбен кездесіпті.

Бердимурат Баймухан