Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл Петропавлдағы 38 баспананың шатыры ауыстырылады

Ағымдағы жылы облыс орталығындағы 38 көпқабатты үйдің шатыры ауыстырылады. Сонымен қатар, 8 баспанаға су жаңа жеделсаты орнатылады. Аталған мақсаттарға облыс қазынасынан қомақты қаржы бағытталады. Бұл жайлы үйлерді аралап, тұрғындармен тілдескен облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді.

Брусиловский көшесі бойындағы мына баспана осыдан 40 жыл бұрын қолданысқа берілген екен. Бүгінде 5 қабатты үйде 50 отбасы тұрып жатыр. Мұндағы тұрғындардың бас уайымы – тозығы жеткен шатыр. Жауын жауса болды, төбеден сорғалап су ағатын көрінеді.

Мнавара Муратова – «Астана» ПИК төрайымы:

– 2011 жылы ТҮКШ-те баспаналарды жаңғыртуға қатысты жаңа бағдарлама іске қосылды. Біз аталған жоба арқылы шатырымызды жөндету үшін 8 жыл бұрын кезекке тұрдық. Бірақ, әлі күнге дейін ешқандай жұмыс атқарылмады. Сөйтіп, іске өзіміз кірістік. Тесіктерді жамағанмен, пайдасы шамалы болды. Төбеден бәрібір су ағады.

Көп жыл бойы шешімін таппаған мәселенің биыл нүктесі қойылмақ. Шаһардағы проблемалы үйлерді аралаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов алдағы уақытта шатыр ауыстырылатындығын айтты. Шаруаны атқаруға 46 млн теңге қарастырылған екен. Ескерте кеткен жөн, қалыпқа келтіру жұмыстарына жұмсалатын ақшаны тұрғындар мемлекетке бірнеше жыл ішінде қайтаратын болады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл қаладағы 38 көпқабатты үйдің шатыры ауыстырылады. Ол үшін облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Қазір баспана тұрғындарымен келісім шарт жасалып жатыр. Құжатқа сәйкес, жұмсалған сома белгілі бір уақыт аралығында өңір қазынасына қайтарылады.

Шатыр биыл жөнделеді. Ал лифтілер қашан ауыстырылмақ? Назарбаев көшесіндегі 136-ші үй тұрғындарын мазалап жүрген мәселе – осы. 9 қабатты нысандағы жылжымалы құрал 25 жылдан бері жұмыс істемейді екен.

Иван Авдонин – қала тұрғыны:

–  Мұнда 2000 жылдан бері тұрып келемін. Көшіп келген кезде жергілікті әкімдікке жүгіндім. Бірақ, өтінішіміз әлі күнге дейін орындалмай келеді.

Екiншi топтағы мүгедек Иван Авдонин 2 жылдан бері таяққа сүйеніп жүреді. 9-шы қабаттағы пәтеріне мініп-түсу – ол үшін қиынның-қиыны. Сол себепті, далаға таза ауа жұтып, серуендеуге сирек шығады.

Иван Авдонин – қала тұрғыны:

– Өзім 9-шы қабатта тұрамын. 2018-ден бері далаға шығу арман болып қалды. Лифті болмаған соң баспалдақпен көтеріліп-түсу – үлкен машақат.

Әсия Сембаева – “Назарбаев – 136” ПИК төрайымы:

–  Мұнда жас отбасылар да көп. Ата-аналары балаларын баспалдақпен көтеремін дегенше біраз уақыт жоғалтады. Зейнет жасындағылар да жеделсатының жоқтығынан біраз қиындық көріп отыр. Мұндай кезде егде жастағы адамдардың денсаулығы сыр беріп қалса қайтеміз?!

Бастапқыда тұрғындар өздері ақша жинап мәселені шешуге тырысқан. Бірақ, бір лифтінің құны 12-15 млн теңге тұрады. Мұндай қаржыны ешкімнің қалтасы көтермейтіндігі айтпаса да белгілі.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қаладағы көпқабатты баспаналардағы 8 лифті мүлде жұмыс істемейді. Негізінде бұлай болмауы керек! Биыл облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөліп, істен шыққан осы 8 жылжымалы құрылғының орнына жаңасын сатып алып, орнатамыз.

Жалпы, Петропавлдағы 1100 баспананың 367-сінде лифті бар. Жылжымалы құрылғының басым бөлігі ескірген. “Алдағы уақытта өзгелері де жаңасына ауыстырылатын болады”,- деді Құмар Ақсақалов.

 

 

Маржан Қасымбек