МТРА жаңалықтары

1 қаңтардан бастап жаппай декларациялаудың бірінші кезеңі басталды

Жалпыға бірдей декларациялау! Аталған жаңашылдық елімізде 1 қаңтардан бастап күшіне еніп отыр. Бұл  ең әуелі жемқорлық пен көлеңкелі экономиканы тыю мақсатында қабылданып отыр дейді мамандар. Жаппай декларациялау 4 кезеңмен жүзеге асырылатын болады.

Жалпыға бірдей декларацияның алғашқы кезеңі 1-ші қаңтар күні басталды. Бұл ретте мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары, сондай-ақ оларға теңестірілген азаматтар мен олардың жұбайлары табыстарын тапсырулары тиіс. Жаппай декларациялау аясында бұл санаттағы жандар жеке меншігін, активтерін, дебиторлық-кредиттік қарыздарын, инвестициялық алтындарын, қолма-қол ақшасын және авторлық құқығын жасырмай көрсетулері керек.

Жібек Клюкова – Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы:

– Декларация тапсырудың мерзімі тұрғылықты жері бойынша қағаз жүзінде 15 шілдеге дейін, электронды форматта – 15 қыркүйекке дейін. Декларацияны электронды түрде «Салық төлеушілер кабинеті» (cabinet.salyk.kz), «электрондық үкімет» порталы (egov.kz), сондай-ақ eSalyq Azamat mobile порталдары арқылы ұсынуға болады. Декларация үрдісі жайлы толығырақ Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан таба аласыздар. Тағы 1414 Call-орталығына хабарласуға болады.

Декларация тапсырудың екінші кезеңі 2023 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді. Осы уақыттан бастап декларациямен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен олардың жұбайлары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмыскерлері мен олардың жұбайлары есеп беруі керек болады.

Жібек Клюкова – Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы:

– Жаппай декларациялаудың үшінші кезеңі 2024 жылдың басына жоспарланған. Активтерді декларациялау жөніндегі міндеттеме заңды тұлғалардың басшыларына, құрылтайшыларына және олардың жұбайларына, жеке кәсіпкерлерге және олардың жұбайларына қатысты.

Ал төртінші кезең 2025 жылы басталады. Бұл ретте қалған санаттағы азаматтар, яғни елдің барлық дерлік ересек тұрғындары декларация тапсыруы тиіс болады.

Жанна Бисенова