МТРА жаңалықтары

Жастарға қолайлы жағдай жасау – басты назарда

Алдағы 5 жыл ішінде Мамлют ауданында атқарылатын жұмыс жоспарымен таныстыру үшін нұротандықтар жергілікті ағайынмен жүздесті. Өзімізге жақсы мәлім сайлауалды бағдарлама 7 бағыттан тұрады. Соның бірі – аудандағы 3 мыңннан астам жасқа қолайлы жағдай жасау. Жоспарды тілге тиек етейік. 2025 жылға дейін Мамлют ауданына “Дипломмен – ауылға” бағдарламасы бойынша 300-ге жуық маман тартылмақ. Ал шағын және орта бизнесті дамыту үшін “Жас кәсіпкер” жобасы аясында жыл сайын 25 грант бөлу көзделген. Атқарылатын және атқарылған іске жергілікті жастар дән риза.

Елхан Бименді – Мамлютка қаласының тұрғыны:

– Менің Мамлютка қаласында жұмыс істеп жатқаныма 2 жыл болды. Осы 2 жылдың ішінде жолдар салынды, ауылдарда су мен интернет өткізілді. Үкімет тарапы жұмысты жақсы атқарып жатыр. Биыл ауданымызда хоккей корты ашылды. Бұл – жастар үшін жақсы.

Жаңа жоспардың бір бөлігін ғана жіпке тіздік. Алдағы 5 жыл ішінде ауданның 4 ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен футбол алаңдары да салынатынын айта кетейік. Тағы партиялықтар 5 реанимобиль сатып алынып, сүт-тауарлы ферма ашылатындығын айтты.

Дмитрий Колода – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына “Nur Otan” партиясы атынан үміткер:

– Алдағы 5 жылда Мамлют ауданында 26 шақырым жол мен 20 шақырым су желісін қалыпқа келтіру көзделіп отыр. Сонымен қатар, орталық аурухана мен мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Тағы, аудандағы емдеу мекемелеріне 30 маманды жұмысқа тартамыз. 5 бірдей модульдік қазандық іске қосылады.

Халықтың қауіпсіздігі де назардан тыс қалмайды. Мамлют ауданында 400-ге жуық жарық шамы мен 20-ға тарта бейнебақылау камерасы орнатылмақ.

Бисенова Жанна