ТЖ

Құтқарушылар түсіндіру жұмыстарын жүргізді

Сиыр жылының басталғанына саусақпен санарлық күн өтті. Әйтсе де, облыс аумағында 4 бірдей өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 1 адам көз жұмды, 1 кісі жарақат алды.

Өрт оқиғасының алдын алу үшін жергілікті құтқарушылар мен полицейлер қазір түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгін олар көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға барды. Үйдегі пештердің жағдайын бағамдап, жылыту маусымы кезінде ұстану қажет ережелерді айтты, жаднама таратты.

Жанат Жұмажанов – қалалық ТЖБ бас маманы:

– Жылыту маусымы кезінде үйінде пеші бар адамдар түрлі оқыс оқиғаларға тап болып жатады. Мысалы, кейбір жандар пештің маңайына киім жаяды, қоқыс тастайды. Осының салдарынан өрт шығады. Бұндайға жол бермеу керек. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін ұстану керек.

 

 

 

Алдияр Айтпаев