Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыста фанер шығаратын комбинат іске қосылды

Бүгін облыс орталығында ламинатталған фанер шығаратын комбинат іске қосылды. Жобаны жүзеге асыру үшін түркиялық инвестор 2 млрд теңгеден астам қаржы құйған. Кәсіпорында жылына құрылысқа қажет материалдың 18 мың текше метрі өндірілетін болады. Осылайша елдегі сұраныстың 30 пайызы қамтылады деп жоспарланып отыр.

Ұзақ жылдан бері тұралап қалған нысанның тамырына бүгін қайта қан жүгірді. 1 жыл көлемінде мұнда түркиялық инвесторлар ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізген болатын. Сондай-ақ, кәсіпкерлер нысанның ішіне қымбат шетелдік қондырғылар әкеліп орнатты. Жобаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік қолдаудан бөлек «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының да қосқан үлесі мол.

Данияр ШАЛАБАЕВ – «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ СҚО бойынша аймақтық директоры:

 – Біздің компания елімізге шетелдік инвесторларды тартып, олардың жобаларын жүзеге асыруға көмектеседі. Кез келген шетелдік кәсіпкер осында келіп кәсіп ашқысы келсе оған бірнеше жеңілдік жасалады. Мәселен, мемлекеттік қолдауға ие болып қана қоймай, әкелген қондырғылары үшін кедендік салықтан босатылады.

Солтүстік фанер комбинаты жылына 18 мың текше метр дайын өнім шығармақ. Ал болашақта қуаттылық көрсеткішін 27 мыңға дейін арттыру көзделіп отыр. Ол үшін кәсіпорынға жылына 30 мың текше метр қайың қажет болады. Бірақ, бұдан табиғатқа залал келмейді дейді серіктестік директоры Огузхан Челик.

Огузхан ЧЕЛИК – «Солтүстік фанер комбинаты» ЖШС директоры:

– Солтүстік Қазақстан облысында орманды кесу үшін мемлекеттен жылына 800 мың текше метрге квота беріледі. Ал біз оның тек 30 мыңын пайдаланамыз. Яғни, 5 пайызға да жетпейді. Бірақ, біз ағаштарды шаппаймыз. Шикізатты орман пайдаланушыларынан сатып аламыз. Осылайша фанер жасаймыз. Негізінен қайыңды пайдаланамыз.

Жалпы, жобаға құйылған инвестиция көлемі 2 млрд теңгеден асады. Қазір мұнда 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Құмар АҚСАҚАЛОВ – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Аймаққа отандық инвестициядан бөлек, шетелдіктер де тартылуда. Облыс бойынша 2020 жылы инвестиция көлемі 15 пайызға өсті.

Қазіргі күні еліміздегі ламинатталған фанердің басым бөлігі – импорттық. Шамамен 90 мың текше метр өнім. Бүгін ғана іске қосылған жаңа кәсіпорын бұл сұраныстың 30 пайызын жабатын болады. Сондай-ақ, шығарылған тауардың жартысы Еуропаға, Түркия мен Өзбекстан мемлекеттеріне экспортталмақ.

 

 

Бердимурат Баймухан